Біз әрқашан Туымызды, Әнұранымыз бен Елтаңбамызды мақтан тұтамыз – Дәурен Абаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған республикалық патриоттар форумында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Біз әрқашан Туымыз бен Әнұранымызды, Елтаңбамызды мақтан тұтамыз және бүгін осы тамаша мерекені атап өту үшін жиналып отырмыз. Әрқашанда аспан түстес көк байрағымыз тәуелсіздігіміздің мызғымастығын, қазақстандықтардың жоғары жетістіктерін әлемге мақтанышпен сүйіншілеп, көкте желбіреп тұрсын! Әрқайсымыздың жүрегімізде жатталған Әнұранымыздың қасиетті сөздері әлемді жаңартатын жетістіктерге жетелеп, жігерлендірсін, - деді министр.
Сондай-ақ Абаев Елтаңбамыз әрқашанда Қазақстанның жоғары беделінің белгісі болып қала беруін тіледі.
Бұл залда еліміздің озық ойлы, жасампаз жастары жиналып отыр. Мен Сіздердің мемлекеттік рәміздерге деген айрықша қастерлі қарым-қатынастарыңыздың негізінде елге деген зор мақтаныш, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік және шынайы халық бірлігі тұрғанына кәміл сенімдімін, - деп айтты Мәдениет министрі.
Іс-шараға көрнекті мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар және т.б. қатысып жатыр.
Салтанатты жиында «Ғылым және білім», «Мәдениет және спорт», «Медицина және волонтерлік», «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы», «Технология және бизнес» және «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» номинациялары бойынша ерекше көзге түскен азаматтар марапатталып жатыр.