Біз әр мемлекетте тұрып жатқан қандастарымызбен тығыз байланыс орнаттық – Серікхан Ахметов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ Алматы облыстық фронт-офис басшысы Серікхан Ахметовпен тәуелсіздік жылдарындағы ұлы көш туралы аз-кем сұхбаттасқан едік.
Тілші: Серікхан Қалибекұлы, өзіңізбен тәуелсіздік алғашқы жылдары басталған ұлы көш туралы әңгіме өрбітсек деп едік...
Серікхан Ахметов: Дұрыс айтасыз, еліміз егемендік алып, Елбасымыз «Әр қазақ менің жалғызым» деп Атажұртқа шақырғалы бері қандастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, егемендігімізбен бірге Ұлы көштің басталғанына да отыз жыл толды. Атамекенге ат басын тіреген ағайынның бұл күндері немерелері алдынан шығады. Осы уақыт аралығында елге оралған қандастарымыз 1 миллионнан астам болса жергілікті өсіп-өнумен бір жарым миллионға жетіп жығылады деп есептейміз. Қазіргі пандемия жағдайы мен басқа да себептердің салдарынан көш саябырсып қалғаны да түсінікті болар.
Тілші: Сол көшіп келген ағайындардың ішінен әлі де құжат жинақтауда, құзырлы мекемелерге де сұрақтары бар екені байқалып қалады?
Серікхан Ахметов: Ондай сұрақтар жеткілікті, туу туралы куәлік, неке хаттамалары, соттылығы жоқ деген анықтамалықтарды кейбір қандастарымыз алдын-ала ескермеген, Ауғаныстан, Сауд Арабиясы жақтан келген қандастарымызда қазақ деген анықтамалық жоқ, ол мемлекеттерде берілген құжаттарда ұлты туралы жазылмайды да. Қазір уақыт өткен сайын қандастарымыз туралы жеңілдетілген заңдар талқыланып, кейбірі қолданысқа еніп жатыр, барлығы да орнына келер. Кейбір адамдар келген жеріндегі алатын зейнетақысын, ата-баба жерін қимайды, құжаттарын түгендеп алып келмейді, жоғалтып алатыны сияқты себептер де көп. Көптеген қандастарымыз құжат дайындауды, жергілікті заңдылықтарды білмегендіктен делдалдарға үміт артып алданып қалады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қызметкерлері құжаттардың аудармадан басқалары тегін жасалатынын, біздің кеңселердің мекенжайын айтып, телефондары таратылып келеді. Осы жерде жергілікті мекемелер қызметкерлерінің де өз ісіне салғырт қарауы кездесіп қалады. Осындай олқылықтар біртіндеп жойылып та келеді. Заң баптарына да өзгерістер енгізіліп, қандастардың құжаттануы да жеңілдіктерге ие болатынына сенімдіміз. Атамекенге жеткен әрбір ағайынның қолындағы құжаттары түгел болуы басты мәселе. Келгеннен кейін қалған құжаттарды жинап, толықтап әкелу уақыт алады.
Тілші: Қандастарымыз қай елдерден көптеп келеді, оларды орналастыру қалай жүргізіледі?
Серікхан Ахметов: Қазақстанмен көршілес елдер Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан оралған ағайындарымыз көп, Ауғанстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Ресейден атажұртқа қоныс аударған қандастарымыз да аз емес. Қазіргі уақытта жеңілдік квота солтүстік облыстарға жасалатынын үнемі айтып келеміз және солтүстік облыс өкілдері Алматы облысына келіп қандастарымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Солтүстік өңірлерге қоныстану мүмкіншіліктері көп, үй, жұмыс және жермен қамтамасыз ету қарастырылған. Алматы облысында елімізге келген ағайындардың жартысы орналасқан, оның себебі алғашқы жылдары көптеген бауырларымыз Алматы төңірегіне келіп қоныстанды, кейінгі келген қандастар өз туыс-таныстарының жанына жинақталып, шоғырланды. Мысалы, Есік қаласының төменгі жағына Өзбекстаннан келген, Шелек ауылы мен маңайына Қытайдан келген, тағы өзге ауылдарда Моңғолиядан келген қандастарымыз қоныстанған. Әрбір ауыл-аудан бойынша анықтама жүргізетін болсақ осылай болып шығады.
Тілші: Қандастарымыздың қоғамдағы, еліміздің өркендеуіне қосар үлесі туралы айта кетсеңіз?
Серікхан Ахметов: Еліміздің өркендеп, дамуына әр Қазақстан азаматы өз үлесін қосатыны сөзсіз. Қазақстан халқы небір кезеңдерді басынан өткерді. Саяси қуғын-сүргін, Ұлы отан соғысы сияқты зұлмат уақыттарды бастан өткерген халық өз жерінде аз пайызға жетті. 1955-1959 жылдары Қытай елінен қандастарымыздың алғашқы легі өтті. Солардың көпшілігі Қазақстандағы мал шаруашылығының өркендеуіне өлшеусіз еңбек етті және халқымыздың өсімінде де елеулі үлес қосты. Табындап мал өргізген әр үйден орта есеппен он шақты бала өсіп шықты. Қазіргі уақыттағы геосаяси құндылықтарымыз да осыған байланысты. Халқымыздың орналасуы еліміздің нығайып өсуіне де осы факторлар себепші болары анық.
Тілші: Әр елдегі қазақ диаспоралары туралы айтсаңыз?
Серікхан Ахметов: Тысқары елдерде біреулер 7 енді бір мамандар 5 млн қазақ өмір сүретінін айтады.Мұның бәрі ғылыми пайымдау не болмаса ауызекі жорамал. Әйтсе де шындықтан алыс емес. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» бар қазақты көшіріп әкелуді мақсат тұтпайды, келем деген ағайынға есігіміз ашық. Біз әр мемлекетте тұрып жатқан қандастарымызбен тығыз байланыс орнаттық, олардың ұлттық тіліне, өнеріне деген қызығушылығын арттырып, түрлі көрнекіліктер мен материалдар жіберіп тұрамыз. Жастардың Қазақстанда оқып, білім алуына көмектесеміз, алдағы уақыттарға да түрлі жобалар жасаймыз. Әлемнің әр түкпірінде орналасқан қазақ диаспорасымен байланысымыз нығайып келеді. Оларға халқымыздың тарихын, әдет-ғұрып, салт-санасын ұмыттырмауға арналған барыс-келіс жиілей түсуде. Жастардың Қазақстан жоғары оқу орындарында оқуы, балалардың жазғы лагерлерде дем алуы жолға қойылды деп айтуға болады. Еуропаның бірқатар елдерін қоныстанған қазақ диаспоралары бұған үлкен қызығушылық білдіруде. Әр елмен достық, мәдени қарым-қатынастардың дамуына сол елдердегі қазақ диаспорасының да тигізер пайдасы мол болмақ.
Сөз соңында айтарымыз еліміздің елдігі мен ырысын тасытуда қандастарымыздың да өлшеусіз еңбегі бар, ол болашақта да арта береді. Атажұртқа бет алған ағайынға «қош келдіңіз!» дейміз.