Биылғы тұмау жылдағыдан өзгеше – ДСМ
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биылғы тұмау жылдағыдан өзгеше. Оған себеп - айналымдағы вирустардың аралас таралуы.
Қазіргі уақытта ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінің мәліметтері бойынша, COVID-19 пандемиясына дейінгі маусымдарға қарағанда барлық өңір бойынша тұмау белсенділігі ерте өсіп жатыр. Елде айналымдағы вирустар аралас таралып отыр. Әлемнің 125 елінде тұмаудың 100 мыңға жуық жағдайы зертханалық расталды. Оның 97,9 пайызы А тұмауы және 2,1 пайызы В тұмауы, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Айтуынша, елде 1 қазаннан бастап вирус жұқтыру дерегі күрт өскен.
Ел аумағында эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дың 2,2 млн жағдайы және тұмаудың 2 284 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың 65 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. ЖРВИ және тұмау маусымы жыл сайын қазан-сәуір айларында өтеді. Биыл эпидемиологиялық маусым тұмау вирусының айналымының ерте басталуымен сипатталды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 10 пайызға өсті, - деді Айжан Есмағамбетова.