Биылғы егіннің берекесі қандай: Өнім көлемі мен баға шаруалардың үмітін ақтай ма?
Күз – диқан еңбегінің таразыға түсетін кезеңі. Көктемнен бері жерге сіңген қаражат пен маңдай тердің қайтарымы дәл осы уақытта белгілі болады. Биыл Қазақстанның бірқатар өңірінде өнімнің түсімі ғана емес, сапасы да жақсы. Алайда қамбаға мол астық түскені шаруаның табысы да мол болады дегенді білдіре ме? BAQ.KZ тілшісі биылғы жиын-терімнің алғашқы нәтижелеріне үңіліп, шаруалардың пікірін тыңдады.
13,5 млн тонна астық қамбаға түсті
Биыл егін жинау қарқыны былтырғы сәйкес кезеңнен жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 9 қыркүйектегі мәліметіне сәйкес, дәнді дақылдар егілген алқаптың 61,6%-ы жиналып үлгерген. Шаруалар 9,6 млн гектар жерді орып, 13,5 млн тонна астық бастырды. Ел бойынша орташа өнімділік гектарына 14,1 центнерді құрады.
Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна өнім жеткізілген. Былтыр осы уақытта көрсеткіш 552,7 мың тонна болған. Яғни астық қабылдау орындарына түскен өнім көлемі бес еседен астам артқан.
Биылғы науқанның тағы бір ерекшелігі – астықтың сапасы. Зертханалық тексеру нәтижесі жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түліктік санатқа жататынын көрсеткен. Оның 75%-ы – үшінші, 18%-ы төртінші сыныпты бидай. Бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі 7% шамасында.
Зерттелген жұмсақ бидайдың 51%-ында клейковина мөлшері 28%-дан жоғары. Тағы 23,6%-ында бұл көрсеткіш 25-27% аралығында.
Яғни алғашқы нәтиже жаман емес: өнім бар, сапасы жоғары. Бірақ шаруа үшін басты есеп астық қамбаға түскенде емес, сатылғанда шығады.
Қостанайлық шаруа: Өнімнің 30%-ын көктемге қалдырдық
Қостанай облысындағы шаруа қожалығының иесі Нұрсұлтан Сәпиев биыл астық сапасының жақсы екенін айтады. Әкесі 1995 жылы негізін қалаған шаруашылық бүгінде егін және мал шаруашылығын қатар алып келеді. Нұрсұлтан Сәпиевтің өзі бұл салада 2013 жылдан бері еңбек етіп жүр.
Биыл шаруашылық 8 мың гектар алқапқа бидай еккен. Қожалықта бұдан бөлек 500 бас ангус тұқымды ірі қара мен 500 бас жылқы бар.
Орақ ерте басталып, қыркүйектің басында аяқталды. Орташа өнімділік гектарына шамамен 15 центнерді құрады.Биыл астықтың сапасы жақсы. Егін жинауды ерте бастап, қыркүйектің басында аяқтадық. Өнімнің негізгі бөлігін шығарып қойдық, енді бағаға қарай сатамыз. Ал жиналған астықтың 30%-ын көктемгі кезеңге қалдырдық, – дейді Нұрсұлтан Сәпиев.
Шаруашылықтың өнімнің бәрін бір мезетте сатпай отырғаны да бекер емес. Егін орағы кезінде нарыққа астық көптеп шығады. Сондықтан сақтау мүмкіндігі бар шаруалар өнімнің бір бөлігін кейінге қалдырып, бағаның қолайлы кезеңін күте алады.
Нұрсұлтан Сәпиевтің «бағаға қарай сатамыз» деген сөзі биылғы науқанның негізгі мәселесінің бірін көрсетеді. Жақсы өнім алу маңызды, бірақ оның шаруаның шығынын өтейтін бағасы болмаса, мол астықтың экономикалық қайтарымы төмендейді.
Ақмолада жоғары сапалы бидай көбейді
Бұл мәселе елдің негізгі астықты өңірлерінің бірі – Ақмола облысында да көтеріліп отыр.
Облыстағы 4,5 млн гектар астық алқабының шамамен 3,1 млн гектары немесе 68,7%-ы жиналған. Орташа өнімділік гектарына 13,2 центнер болып, 4 млн тонна астық бастырылған.
Биыл өңірдегі астықтың шамамен 85%-ы үшінші сыныпқа жатады. Оның 60%-ы ақуызы жоғары «Hi-Pro» санатына сәйкес келеді. Салыстыру үшін, көпжылдық орташа көрсеткіш бойынша өңірдегі «Hi-Pro» бидайының үлесі 15-25% шамасында болды,- дейді Ақмола облысы берген жауапта.
Сапалы астықтың көп болуы шаруа үшін тиімді көрінгенімен, өнімнің нарыққа бір мезетте көп көлемде шығуы бағаға қысым түсіруі мүмкін.
Әсіресе күзде шаруашылықтардың несие төлемдері басталғанда өнімді тез өткізу қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты Ақмола облысы жоғары сапалы бидай бағасының төмендеуіне жол бермеу үшін қарашада өтелетін бірқатар кредитті 2027 жылдың ақпан-сәуір айларына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыру ұсынылды,- дейді ведомство.
Бұл шаруаларға астықты дәл орақ кезінде арзанға өткізіп жібермей, нарықтағы қолайлы кезеңді күтуге мүмкіндік бермек.
Мақтааралда жиын-терім басталды
Елдің солтүстігінде астық орағы аяқталуға жақындаса, оңтүстікте күзгі науқанның сипаты бөлек. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында шаруалар мақта жинауға кірісіп жатыр.
Мақтааралдық шаруа Рахматулла Ергашбайұлының айтуынша, шаруалар науқанға алдын ала дайындалып, техникаларын жұмысқа әзірлеген. Жиын-терім басталғанына шамамен бір апта болған.
Жиын-терімді бастадық. Бір аптадай болды. Биыл өнімнің жағдайы жақсы. Техникалар да дайын, қазір шаруалар мақтаны уақытында жинап алуға кірісті,-дейді Рахматулла Ергашбайұлы.
Жалпы Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 920,1 мың гектарға орналастырылған.
Бұл былтырғыдан 9 мың гектарға көп. Мақта алқабы бір жылда 28 мың гектарға ұлғайып, 173,6 мың гектарға жеткен. Оның 91 мың гектарында су үнемдеу технологиялары пайдаланылған.
Өңірде биыл шамамен 520 мың тонна шитті мақта жинау күтіледі. Болжамды орташа өнімділік гектарына 30 центнер деңгейінде, - дейді редакциямызға келген жауапта.
Шаруалар бір ғана бидайға тәуелді болғысы келмейді
Соңғы жылдары егін шаруашылығында тағы бір өзгеріс байқалады. Өңірлер дәстүрлі дақылдардың үлесін қайта қарап, нарықта сұранысы жоғары өнімдерге бет бұрып келеді.
Ақмола облысында биыл майлы дақылдар 838 мың гектарға егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 342,5 мың гектарға көп. Ал 2023 жылы олардың көлемі небәрі 198 мың гектар болған. Яғни үш жылдың ішінде майлы дақылдардың егіс көлемі төрт еседен астам артты.
Қызылорда облысында да егісті әртараптандыру жүріп жатыр
Өңірде биыл 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның 70 мың гектары күрішке тиесілі. Су тапшылығына байланысты күріш көлемін оңтайландырып, суды аз қажет ететін әрі нарықтық әлеуеті жоғары дақылдарға басымдық беріліп келеді.
Мәселен, былтыр дәндік жүгері 2 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемі 11 мың гектарға дейін ұлғайған. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап 8,1 мың гектардан 14,2 мың гектарға жеткен.
Егіннің берекесін баға айқындайды
Биылғы науқанның алғашқы нәтижелері Қазақстанда өнім жағынан жағдайдың жаман емес екенін көрсетеді. 9 қыркүйектің өзінде 13,5 млн тонна астық бастырылды. Оның басым бөлігі азық-түліктік сапаға сәйкес келеді.
Жиын-терімге қажетті ресурстар да қарастырылған. Республика бойынша күзгі дала жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Минералды тыңайтқыштарға жылдық қажеттілік 2,3 млн тонна болса, соның 2 млн тоннасы немесе 85%-ы жөнелтілген.
Бірақ гектарынан алынған центнер мен қамбаға түскен тонна шаруаның қаржылық нәтижесін толық көрсетпейді.
Қостанайлық Нұрсұлтан Сәпиев өнімнің 30%-ын көктемге қалдырып, бағаның қолайлы кезеңін күтпек. Ақмолада жоғары сапалы астықтың күзде арзандап кету қаупі көтеріліп отыр. Ал Мақтааралдағы шаруалар үшін қазір басты мәселе – өнімді дер кезінде әрі ысырапсыз жинау.