Биылғы Азаматтық форум Республика күніне орай жоспарланды - министр

Шымкентте III Азаматтық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, “Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі. Елдік және халықаралық жастар саясаты” атты жиынның азаматтық қоғамның дамуына үлесі мол болады.

Жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстанның Азаматтық альянсының төрағасы Бану Нұрғазиева және басқа да сарапшылар сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.

Мемлекет басшысы азаматтық қоғам құру еліміздегі негізгі басымдықтың бірі екенін үнемі айтып келеді. Президент жолдауында, сайлауалды бағдарламаларында бұл мәселенің маңызына мән бергені белгілі.

Азаматтық қоғам институттарының маңызды топтарының бірі – қоғамдық кеңестер. Қазіргі таңда елімізде 258 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамына 4 мыңға жуық жанашыр азамат, түрлі сарапшы мамандар тартылған.

Жиында жастар жайы да айтылды. Биылғы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі алқалы жиынның жастар мәселесіне арналуының да өзіндік мәні зор. Өздеріңізге мәлім, биылғы Азаматтық форум Республика күніне орай қазан айына жоспарланып отыр. Еліміздің барлық өңірінде, әртүрлі тақырыпта өтіп жатқан келелі басқосулардың қорытындысын Астана төрінде бірге жасаймыз деген үміттеміз, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: АҚДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы