Биылдан мектептерге «Қазақ тіліне бойлау» жобасы енгізіледі – министр

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның 32-сессиясында білім саласындағы уәкілетті органдар алдына еліміздің барлық азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру бойынша жүйелі қадамдар жасау міндеттерін қойғанын еске салды.

Осы бағыттағы нақты қадамның бірі «Қазақ тіліне бойлау» жобасы болмақ. Балабақшалардан басталатын, одан ары бастауыш сыныптарда жалғасатын бұл жоба арнайы әдістеме негізінде барлық оқушылардың ерте жастан мемлекеттік тілді меңгеруіне жол ашады. Бүгінгі таңда бұл әдістеме бірқатар мектептерде апробациядан өтіп, жоғары нәтиже көрсетіп отыр. «Қазақ тіліне бойлау» жобасын осы оқу жылынан бастап еліміздің басқа мектептеріне де кезең-кезеңімен енгізу көзделген, - деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ министр биылдан бастап оқу жылы аяқталғанда оқушылардың қазақ тілінен емтихан тапсыруы көзделетінін айтты.

Орта білім беру жүйесі бойынша 2023-2024 оқу жылынан бастап негізгі орта, жалпы орта білім деңгейінде академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі пәні бойынша және өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша емтихан тапсыру көзделген, - деді министр.

Оқу-ағарту министрі өз сөзінде оқушылар мен студенттер арасында Абай Құнанбаевтың шығармаларын қазақ тілінде оқу бойынша 500 мыңға жуық оқушылар қамтылған челлендждер өткізілгенін, іс-шараға 19 897 білім беру мекемелеріндегі барлық этнос өкілдері белсенді қатысқанын да айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы