Биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалақысын мемлекет субсидиялайды
Биылдан бастап мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалақысын мемлекет субсидиялайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОКҚ алаңында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев ерекше қажеттілігі бар тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша жүзеге асырылатын жұмыстар туралы айтып берді.
Қазіргі кезде жұмыспен қамту үш бағытта іске асырылып жатыр. Бірінші, жұмыс орындарын квоталау тетігі. Яғни мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының санынан 2 пайыздан 4 пайызға дейін мөлшерде жұмыс орындарына квота белгіленеді. Екінші, ерекше қажеттілігі бар тұлғалар үшін арнайы жұмыс орындарын құру. Бұл тетік 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибе негізінде іске асырылып келеді, - деді вице-министр.
Айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орнын жабдықтап, жұмыс орнын құрған жұмыс берушінің шығындары өтеледі. Бұл екінші тетік қайта қаралып, күшейтілген.
Биылдан бастап жұмыс берушілердің шығындары 1 000 000 теңге мөлшерінде өтеледі. Оған қоса жұмысқа алынатын мүгедектігі бар адамдардың жалақысын мемлекет 3 жылдың ішінде субсидиялайды, - деп түсіндірді Ордабаев Олжас баспасөз конференциясында.
Бірінші жылы жалақының 70 пайызын, екінші жылы 65 пайызын және үшінші жылы 60 пайызын мемлекет субсидиялайды.