Биыл жылыту маусымы 21 сәуірде аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facebook-тегі ресми парақшасында 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы және дайындық кезеңінің міндеттері жайлы онлайн брифинг өтті. 

Іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл баяндама жасады. 

Астана қаласы мәслихатының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 249/36-V шешімі бекітілді. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу ережелеріне байланысты, ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы 10°C және одан жоғары болса, жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданады, - деді басқарма басшысы. 

Нұр-Сұлтан қаласында жылыту маусымы 2019 жылдың 30 қыркүйегінде басталып, 2020 жылдың 21 сәуіріне дейін созылған. Яғни, 205 күнді құрайды, сол себепті жылыту маусымын аяқтау ертеңге жоспарланғандығын ескертті. 

Сонымен қатар, басқарма басшысы брифинг барысында есепті кезеңде энергия көздерінде, жылу және электр желілерінде авариялық ажыратулар мен бірінші дәрежелі істен шығулар тіркелмегендігін айта кетті.

"Астана-Энергия" АҚ бойынша жылыту маусымы кезеңінде 2 234 млн кВт сағат электр энергиясы және 6 122 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді. Қаланың энергия көздерінде 2 767 мың тонна көмір (37 437 вагон), 5 226 мың тонна мазут (87 цистерна) жұмсалды. Жылу беру маусымын өткізу кезеңінде жылу энергиясының ең жоғарғы жіберілуі 2020 жылдың 29 қаңтарында тіркеліп, 2 168 Гкал/сағатты құрады, - деді спикер. 

Сонымен қатар, Ернат Бәзіл "Астана-ӨЭК" АҚ бойынша жылу беру маусымында электр энергиясын желілер арқылы тасымалдау көлемі – 2 163 млн кВт сағатты құрағандығын тілге тиек етті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1%-ға аз.

Айта кету керек, өткен жылғы жылыту маусымында "Астана-Теплотранзит" АҚ  5 527 мың Гкал көлемінде жылу энергиясын беруді және таратуды қамтамасыз еткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға аз (5 671 мың Гкал), - деді басқарма басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы