Биыл жұмыссыз қалғандарға табысының 45 пайызы төленеді
Биыл жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жоғалтқан табыстың 45%-ына дейін жеткізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген отырысында министр Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дүйсенованың айтуына қарағанда, БЖЗҚ, МӘСҚ, МАК және сақтандыру компанияларымен бірлесіп ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы іске асырылып, жүйеге қатысушылардың өсуі бойынша әрбір институт үшін KPI анықталады.
Сондай-ақ жүйеге қатысу өтіліне байланысты зейнетақы және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қабылданған зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер азаматтарға бұрынғы табыстарының кемінде 40% мөлшерінде зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп айтты министр алқа отырысында.
Өсім ең алдымен базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін алатын зейнеткерлерден басталады. 2023 жылы зейнеткерлердің осы санаты үшін тек базалық зейнетақы мөлшері 21%-ға дейін көтерілді.
Кезең-кезеңмен өсу 5 жыл ішінде, яғни 2023 жылдан 2027 жылға дейін жүргізіледі, бұл өткен жылғы инфляцияны және оның кейінгі жылдарға арналған болжамды дәлізін жабуға мүмкіндік береді. Дәл осындай жұмыс әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жүргізіледі. Биыл жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жоғалтқан табыстың 45%-на дейін жеткізіледі, – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.