Биыл жұмысшы жастарға 3 мың пәтер беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы халық алдындағы есеп беру кезінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.
2020 жылы Жастар жылының Жол картасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмысшы жастар 1 мың жалдамалы пәтерге қол жеткізді. 2021 жылы тағы 3 мың пәтер беріледі.
Былтырғы есептік кездесуде «Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары» әзірленіп жатқаны айтылған болатын. Сапалы білім, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдени-рухани қолдау сияқты 10 негізгі бағыттан тұратын жоспар бүгінде толық қабылданып, нақты іске асырылып жатыр, - деді ол.
Министрдің айтуынша, соңғы зерттеулер нәтижесіне сәйкес жастар арасында үш негізгі мәселе бар.
Атап айтқанда, сапалы білім, жұмыспен қамту және тұрғын үй. Яғни жүйелі түрде шешуді талап ететін сұрақтар, - деп түсіндірді Аида Балаева.
Ақпарат министрлігінің басшысы атап өткендей, бұл өз кезегінде стратегиялық құжаттар кешенін қабылдауды көздейді.
Біріншіден, «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасы. Оның аясында «Жастар дамуының индексі», «NEET» жастар категориясы» сияқты жаңа ұғымдар заңмен бекітіледі. Екінші. «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет Басшысы жастар саясаты саласындағы барлық бағдарламаны біртұтас бір ұлттық жобаға біріктіруді тапсырған болатын. Бүгінге дейін барлық өңірде қоғамдық тыңдаулар өтіп, 100 ден астам ұсыныс жобаға енгізілді, - деп түсіндірді Балаева.
Бұл құжат жастар саясаты саласында барлық мемлекеттік органдардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, идеологиялық бағыттан базалық қажеттілікке дейінгі мәселелерді қамтиды.
Сондай-ақ, «NEET» жастар категориясымен жұмыс жөнінде Республикалық жобалық кеңсе жұмысын бастады. Оның аясында осы категориядағы жастардың бірыңғай мәлімет базасын құру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, нақты ұсыныстар әзірлеу және адрестік жұмыс бөлімдерін ашу жоспарланып отыр.