Биыл жол-көлік апатынан 90 жасөспірім қаза тапқан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев ведомствоның дәстүрлі брифингінде айтты.
Биылғы 7 айда кәмелетке толмағандардың кінәсінен 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 5-уі қаза тауып, 70 жасөспірім жарақат алған. Есептік кезеңде республика жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1600-ден астам жол-көлік оқиғасы болды. Онда 90 жасөспірім қаза болып, 1860-сы жарақат алған. Зардап шеккен балалардың көбі жолаушы, - деді ол.
Мұратәлиев айтқандай, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын апаттардың негізгі себептері жол тәртіптерін бұзу болып отыр.
Балалардың жол-көлік жарақатын алдын алу бойынша құқықтық жұмыстар жүргізіліп отырады. Мысалы, «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Назар аударыңыздар, балалар» сынды жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылып отырады. Қазір 274 мектеп жанында жасанды кедергі орнатылған. Білім беру мекемелері жанында мыңнан астам жол белгісі жаңартылды, - деді Жандос Мұратәлиев.