Биыл Жетісуда "Инватакси" 60 мыңнан астам рет қызмет көрсетті

Жетісу өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандар "Инватакси" қызметін тұрақты пайдаланады. Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі жандарға 60 мыңнан астам рет қызмет көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда облыста арнайы қызмет көрсететін 34 «Инватакси» бар.

Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен жергілікті бюджет есебінен 14 жаңа "Инватакси" сатып алынды. Соның нәтижесінде облыста 1 жылдың ішінде жекеменшік таксилер саны екі есеге артты. 2024 жылы 34 автокөлікпен "Инватакси" қызметін көрсету үшін 306,6 миллион теңге бөлінді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Облыс аумағында «Инватакси» қызметін 8 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Оның екеуі Талдықорған қаласында. Бірі – "Ерлік" мүгедектер қоғамдық ұйымы болса, екіншісі "Талдықорған" корпоративтік қорының "Қазақ зағиптар қоғамы" қоғамдық бірлестігі. Жалпы, облыс орталығында барлығы 13 мамандандырылған "Инватакси" көлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетеді.

Алғашында мүмкіндігі шектеулі жандарға 3 автокөлік қызмет көрсететін. Мемлекет қолдауының нәтижесінде қазір 8 автокөлікке ие болдық. "Инватакси" қызметінің жүргізушілері ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа, мектепке, спорттық, сауықтыру шараларына алып барады. Мемлекет тегін көрсететін әлеуметтік қызметтің пайдаланушысы болу үшін мүгедектерге арналған "Ерлік" ҚБ жанындағы "Инватакси" қызметіне мүгедектікті растайтын құжаттарды тапсыру қажет. Өтініштер көлікті жеткізуге бір күн қалғанда телефон арқылы қабылданады. Белгілі бір мекемеге баратын көліктің жеткізілетін күні, уақыты және ол жерден қайтатын уақыты көрсетіледі, – дейді "Ерлік" мүгедектерге арналған қоғамдық ұйымның өкілі Нұрбек Тұрғанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы