Биыл жемқорлық туралы хабарлаған 76 қазақстандық 29 млн теңге сыйақы алды
Жыл басынан бері 76 қазақстандық жемқорлық фактісі туралы хабарлап, жалпы 29 миллион теңге көлемінде сыйақы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
1424 нөмірі арқылы агенттіктің Call-орталығына хабарласып жемқорлық фактісі туралы хабарлауға және осы тақырып төңірегіндегі сұрақтарға жауап алуға болады.
Кез келген мемлекеттік органның жұмысы табысты болуы үшін қоғам тарапынан үлкен қолдау қажет. Халық белсенді түрде жемқорлықпен қарсы күреске атсалысқан кезде ғана нәтиже болады. Ал жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз кезегінде ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейді. Call-орталығымызға хабарласып тегін консультация алуға болады. Операторлар агенттіктің жұмысына қатысты және жұмысқа қалай орналасуға болатынын түсіндіреді, шағым, ұсыныс және кері байланысты қабылдайды. Сондай-ақ орталық болған және енді болайын деп жатқан құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар қабылдайды. Құқық бұзушылықпен байланысты хабарлама келгенде оператор бірден кезекші офицермен байланыстырады, ол тиісті шара қабылдайды. Осылайша әр хабарлама уақытылы тексеріліп, тиісті департаментке бағытталады. Егер айыптауға толық негіз болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталады, – деді Данияр Биғайдаров.
Ары қарай агенттік өкілі сандарға тоқталып, биыл қанша хабарлама келіп түскенін және олар бойынша азаматтардың қанша көлемде сыйақы алғанын айтты.
Биыл орталыққа 20 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Олардың 4,5 мыңнан астамы консультация алды. 572 хабарламада жемқорлық белгілері туралы айтылды. Уақыт өткен сайын Call-орталыққа келіп түсіп жатқан хабарлама саны өсіп жатыр, жұмыс сапасы да артып келеді. Жемқорлық фактісі туралы хабарлаған кісілерге уақытыл төлем жасалып отыр, – деп түсіндірді агенттік өкілі.
Данияр Биғайдаров жемқорлық фактісі туралы хабарлағандарға берілетін сыйақыны алу үшін сот шешімінің заңды күшіне енуі керектігін айтты.
2020 жылы ынталандыруға қатысты ереже енгізілді. АҚШ, Германия және Ұлыбритания секілді мемлекеттердің тәжірибесі негізге алынып, ынталандыру сомасы дифференциацияланды. Осыған сәйкес, ынталандыру сомасы жемқордан "тәркіленетін" соманың 10 пайызына дейін жетеді, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды. Яғни жемқорлық фактісі туралы хабарлағандардың 15 миллион теңгеге дейін сыйақы алу мүмкіндігі бар. Биыл 76 азаматқа жалпы сомасы 29 млн теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы берілді. Олардың ішінде 33 мемлекеттік қызметкер бар. Егер жемқорлық туралы ақпарат білсеңіз, дереу 1424 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз. Жемқорлықпен күресу – біздің ортақ ісіміз, – деп қосты Данияр Биғайдаров.