Биыл Жамбылда 11 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам қажетті құрылғылармен қамтылады

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Жамбыл облысы аумағында 45 625 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. 

Оның ішінде 4 155-і бірінші топқа жатады, 17 313-і екінші топқа тіркелген. Үшінші топта 17 390 адам бар, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6767 адам. 

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев хабарлады. Оның мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті арнайы оңалту құралдарын алу үшін биыл республикалық және облыстық қазынадан 1523,9 млн теңге бөлінген. Мұның 57,9 млн теңгесіне сурдо аппараттар, 149,6 млн теңгесіне тифло құрылғылар сатып алынады. Кресло-арбаларға – 67,5 млн теңге, протез-ортопедиялық және компенсаторлық құралдарға – 243,2 млн теңге және санторлы-курорттық емделу шараларына 453 млн теңге жұмсалмақ. 

Биылдыққа әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 11 215 мүмкіндігі шектеулі азаматты қажетті бұйымдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталы арқылы тиісті оңалту құралдарымен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудандардың бюджеттерінен бөлінген 1462,2 млн теңгеге 9 300 осы санаттағы тұрғынға міндетті гигиеналық құралдар үлестіріліп, әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, - деді жауапты маман. 

Ол жоғарыдағы қаражаттың 335,5 млн теңгесіне гигиеналық құралдар алынатынын, 75 млн теңгесі ымдау тілінің маманының қызметіне төленетінін айтты. Жеке көмекшінің қызметіне – 124,2 млн теңге, үй жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметке 927,5 млн теңге қаралған екен. 

Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының әлеуметтік қызметтер ұсыну порталындағы орындалу көрсеткіші 63 %-дан асты. Онда тіркелген 16 279 өтініштің 10 475-і шешімін тапты. Жеке оңалту бағдарламалары аясында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың 28 %-ға жуығы протез-ортопедиялық құралдармен қамтылды. Бұл орайда, 3 882 өтініш тіркеліп, 1 078-і орындалғанын айта кеткен жөн. Ал сурдотехникалық құралдармен қамтылған мұқтаж азаматтардың көлемі 63 %-ға жетіп жығылады. Бұл бойынша 384 өтініш түссе, бүгінге дейін 241-ін қамтыдық, - деді Ермек Бықыбайұлы. 

Спикер тифлотехникалық қондырғылармен мүгедек жандардың 68,2 %-ы жеткізді. Демек, порталға тіркелген 541 өтініштің 369-ы орындалған. Сол сияқты, аймақтағы қажеттілігі бар тұрғындардың 76,2 %-ы кресло-арбалармен қамтылған. Порталға түскен 579 өтініштің 541-і қанағаттандырылған. Санаторлы-курорттық емделуге қатысты көрсеткіш – 26,4 %, 3 091 өтініш тіркелсе, 815 азамат демалысқа жіберілді. Жеке көмекшілердің көмегіне мұқтаждардың 90 %-дан астамы, 251 адамның 228-і қамтылған. Ымдау тілі мамандары тіркелгендердің 92 %-ына, 461 тұрғынның 424-іне жіберілді. Міндетті гигиеналық құралдар қажетті жандардың 93,1 %-ы бөлінді, 7 390 өтініш тіркелсе, 6 879-ы орындалды. 

Жалпылама айтсақ, басқарма тарапынан былтыр аталған бағыттағы жұмыстардың 92,4 %-ы орындалды. Порталға тіркелген өтініштердің саны 26 018 десек, 21 051-і шешімін тапты. Бұл көрсеткіштер негізінде біз республика аумағында екінші орынды еншіледік. Демек, шаруаны ширата түсу керек десек те, атқарылған жұмыстар бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мүгедектерді жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес оңалту құралдарымен және қызметтермен қамту 85 %-дан төмен болмау керек деп белгіленген, - деді басқарма басшысының орынбасары. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы