Биыл жалған ақпарат таратқандар 3,5 млн теңгедей айыппұл төлеген

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова онлайн-платформаларда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлерге және өзге де тұлғаларға қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс екенін айтып, сауал  жолдаған болатын. Тамара Дүйсенова депутаттың сауалына ресми жауабын берді.

Вице-премьер атағандай, БАҚ-тарда және онлайн-платформаларда жалған ақпарат таратылуына байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

2024 жылдың басынан бастап жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша 56 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 315 408 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, - делінген ресми жауапта.

Дүйсенова бизнес-тренер мен коуч үшін арнайы кәсіби стандарттарды бекітуге қатысты былай деген.

Қазіргі уақытта ҚР ұлттық жіктеуішінде экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ЭҚЖЖ) тізбесінде 85.5 «Білім берудің өзге де түрлері» (жалпы және кәсіптік білім берудің жалғасы болып табылатын білім беру қызметін, сондай-ақ кәсіби мақсатта бос уақытты өткізу немесе өзін-өзі дамыту мақсаттарына арналған тренингтер) қызмет түрі белгіленген. «Кәсіптік біліктіліктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік стандарттарды әзірлеуді салалық мемлекеттік органдар ҚР ҰК 01-2017 ұлттық сабақ сыныптауышы (ҰСС) және салалық біліктілік шеңбері (СБШ) негізінде жүзеге асырады. «2375 Қысқа мерзімді даярлау (тренингтер), қайта даярлау және біліктілікті арттыру» кәсіп тобы бар, оған «2375-0-025 Тренер (тренингтер, қайта даярлау және біліктілікті арттыру)» сабағы жатады, - дейді Тамара Дүйсенова.

Ресми жауапқа сәйкес, қазіргі уақытта уәкілетті орган осы кәсіптерді СБШ-ға енгізу қажеттілігі туралы мәселені пысықтап жатыр. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 5-бабына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері еліміздің заңдарында тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте заңнамада кәсіпкерлік қызметті онлайн-платформалар арқылы жүзеге асыруға тыйым салынбайды. Осылайша, Кәсіпкерлік кодексінің шеңберінде оқыту немесе өзін-өзі дамытуға бағытталған курстарды сатумен айналысатын адамдарда кәсіпкерлік субъектісі ретінде қызметті жүзеге асыру бөлігінде Кәсіпкерлік кодекстің 30-бабы шеңберінде міндеттемелер туындайды, бұл өз кезегінде салық салуға жатады.

Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 745 блогерге қатысты камералдық бақылау жүргізілді. Оның 37-сінде 630 млн теңге сомасына төмендетілген кірістер анықталды. Блогерлерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді. Инфлюенсерлерге қатысты осы жұмыс кәсіпкерлік және салық заңнамасын сақтау мақсатында жалғасады.

Қолданыстағы заңнамада онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің құқықтық негіздері айқындалған (онлайн-жарнаманы шығару, орналастыру, тарату және сақтау, заңсыз контенттің алдын алу және жолын кесу), құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ «жалған ақпарат» ұғымы бекітіліп, тиісті әкімшілік жауапкершілік белгіленгенін еске сала кетейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы