Биылғы түлектердің 72%-ы ҰБТ тапсырып үлгерді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҰБТ-ға қатысуға 131 мыңнан адам ниет білдірген еді, оның ішінде 111 113 – биылғы оқу жылының мектеп түлегі. Осы түлектердің 72%-ы ҰБТ тапсырып үлгерді.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
1-ші шілде күні жоспарға сәйкес осы жылғы мектеп түлектерінің соңғы легі ҰБТ тапсырады, осылайша 2019-2020 оқу жылының мектеп түлектеріне ҰБТ аяқталады.
21 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ тапсыратындар үшін кесте өзгермейді.
12 мыңнан астам алдыңғы жылдардың мектеп және колледж түлектері ҰБТ-ны 2,3,4 шілдеде емес, одан ертерек, 28, 29, 30 маусымда сағат 15:00-де тапсыратын болады. Олардың рұқсатнамалары жарамды, ауыстырудың қажеті жоқ.
Егер тестіленуші өзінің ҰБТ тапсыру пунктіне келіп үлгермесе, info@testcenter.kz электрондық поштасына өтініш жазуы керек.
Өтініш қысқа мерзімде қаралып, ол бойынша жақын жерде орналасқан облыс орталығында тапсыруға мүмкіндік беру жөнінде шешім қабылданатын болады.