Биылғы түлектер ҰБТ-ны қалай тапсырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. IV тоқсанда оқыған тақырыптар ҰБТ сұрақтарына енгізілмейді. Бұл туралы Ұлттық тест орталығының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Тест тапсырмалары ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және жалпы білім беретін пәндердің оқу бағдарламаларына сәйкес әзірленеді. Соңғы тоқсанда жаңа тақырыптар талқыланбайды, көбіне, өткен бағдарламаларды қайталауға арналған тапсырмалар беріледі.Сондықтан ҰБТ кезінде үш тоқсан бойы алған білімдеріне байланысты сұрақтар беріледі. Тест тапсырмаларының базасы жыл сайын 30%-ға жаңартылды, - деді баспасөз қызметі. 
Оқушылар testcenter.kz сайтына кіріп, алдағы келе жатқан сынаққа толығымен дайындала алатынын жеткізді.
Ұлттық тестілеу орталығы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасын жалғастырып, testcenter.kz сайтында Ұлттық бірыңғай тестілеудің онлайн байқау сынақтарына тегін дайындалуды қолжетімді етті. Оған қоса, байқау сынақтарының тест нұсқалары жаңартылып, әрбір пәннен 70 бірегей нұсқа енгізілді. Қолға алынып отырған шаралар оқушылардың сынаққа дайындығын арттырып, өз білімдерін әділ көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз, - делінген баспасөз хабарламасында. 
Айта кеткен жөн, ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтері бойынша былтыр ҰБТ-ны 131388 мектеп түлегі тапсырған. Соның ішінде 20 000-ға жуық түлек алдыңғы жылдың мектеп және колледж түлектері.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы