Биыл Ұлытауда екі мектеп, үш балабақша пайдалануға берілді

Биыл Ұлытау облысында екі мектеп, үш балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.

2025 жылы Жезқазған қаласында 300 орындық «Жайлы мектеп» пен Теректі ауылындағы 80 орындық білім ошағы ашылса, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында бас аяғы 640 орындық қос балабақша және Жаңаарқа ауданында 165 орындық бір бөбекжай ел игілігіне берілді. Оған қоса, Қаражал қаласы мен Манадыр станциясында Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес салынып жатқан қос мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде, – деді Ұлытау облысының әкімі.

Сонымен қатар ол Ұлытау облысындағы ерекше күтімді қажет ететін балалар ата-аналарының өтініші бойынша биыл өңірде алғаш рет аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылғанын айтты.

Демеушілік қаражат есебінен биыл Жезқазғанда 250 орындық оқушылар сарайының құрылысы басталды. 2026-2027 жылдар аралығында Жезқазған қаласында 1 200 орындық BINOM мектебінің құрылысы, 400 ұл балаға және 400 қыз балаға арналған «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейі мен 300 орындық екі интернат-жатақханасын салу жоспарлануда. Ерекше атап өтерлігі – 2025 жылы «Алтын белгі» иегерлері 2 есе өсіп, 74 түлекке жетті, – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы