Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 түзету енгізді – депутат
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметтің бюджетке енгізген түзетулерін сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 түзету енгізді. Енді Парламенттің қатысуынсыз бюджетке түзету енгізу деген Президенттің қоғамдық бақылау тұжырымдамасына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, өздеріңіз қожа, өздеріңіз би, рахат. Сол өзгерістердің аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ең негізгісі – түзетулер арқылы биылғы көптеген шығын қайтадан қаралған. Өзгерістерде биыл қандай шығындар қысқарды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты? Ертең қысқартылған бағдарламаларды сіздер бюджетке қайтадан алып келіп, депутаттарға “осыны қайтадан бюджетке кіргіз” деп қтініш жасамайсыздар ма? – деп сұрады депутат.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биыл бюджетке 9 емес, 10 түзету енгізілгенін айтты.
Жақында біз тағы бір түзету енгіздік. Соның есебінен біз 375 млрд-тан астас теңгенің құрылымын өзгертіп, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік. Қазіргі бюджет заңнамасында бұл құзырет бізде бар. Жаңа Бюджет кодексінде Парламент алдында есеп беретініміз көрсетілген. Яғни біз қандай да түзету енгізетін болсақ, 5 күннің ішінде сіздердің (депутаттардың – ред.) алдыларыңызға келіп, оның қайда және не үшін жұмсалып жатқанын айтамыз, - деді Байбазаров.
Оның сөзінше, ол қаражаттар су тасқыны салдарын жоюға жұмсалған.
Өзгерістердің арқасында біз биыл ауылшаруашылығын қаржыландыруды 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік алдық. Сонымен қатар тұрғын үйге қатысты сұрақтарды, тұрғындарды газбен қамтамасыз ету мәселелеріне де қосымша 100 млрд теңге бөлуге мүмкіндік пайда болды. Сондықтан үнемделген қаржы біріншіден халықтың тұрмысын жақсартуға, екіншіден, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталды, - деп түсіндірді вице-премьер Мәжілістің жалпы отырысында.
Еске сала кетейік, Сенат 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарған болатын. Бүгін Үкімет "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңның жобасын Мәжілісте таныстырды.