Биыл Түркістан облысында 10 тік дренажды ұңғыма қалпына келтіріледі

Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл Мақтаарал ауданында 10 тік дренажды ұңғыманы қалпына келтіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айта кету керек, Мақтаарал және Жетісай аудандарында 360 ұңғыма бар. Бүгінгі таңда олардың 320-сына реконструкция жасалып, іске қосылды.

Тік дренажды ұңғымалар негізінен сор шаю мақсатында пайдаланылады. Яғни, жер астындағы тұзды суды сыртқа шығару арқылы топырақтың құнарлығын арттырамыз. Бұл өз кезегінде өнімділікті ұлғайтуға септігін тигізеді. Біз алдағы уақытта өңірдегі барлық ұңғымаларды қалпына келтіріп, шаруалардың мол өнім алуына жағдай жасауға ниеттіміз, - деді Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының тік дренажды ұңғымалардың аға инженері Әліқұрман Мырзабеков.

Тік дренажды ұңғымалардың тиімділігін жергілікті шаруалар да растап отыр. Сөздерінше, ұңғымалар іске қосылғалы өнімділік бірнеше есе артқан.

Ұңғымалар жоқ кезде мына жерде мақтадан басқа ештеңе өспейтін. Оның өзінде 10-12 центнерден ғана өнім алатын едік. Соңғы жылдары шаруалар 30-40 центнерден мақта алып жатыр. Мақтадан бөлек, қауын-қарбыз, жоңышқа да өсіре бастадық, - дейді дихан Болат Омаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Өзгелердің жаңалығы