Биыл туберкулезді емдеуге 50 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мұрындық болуымен ұйымдастырылатын дәстүрлі шара биыл «Туберкулезді жою, сырқаттарды ТОЛЫҚ ЕМДЕП ЖАЗУ» деген ұранмен өтпек. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева мәлімдеді.

Дәстүрлі шараны атап өтудегі негізгі мақсат – жұртшылық назарын аталмыш проблемаға аудару, оны түпкілікті жоюға бет бұру.

2018 жылы Қазақстанда 35 181 пациент диспансерлік есепте тұрған болатын. Оның 14 874-і туберкулездің белсенді түрімен ауыратындар. Соның ішінде 8942 адам пациенттер қатарына жаңадан қосылғандар.

«Ресми статистикаға қарағанда, пациенттердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады. Күнгейде құрт ауруымен ауыратындар саны 3600-ден асады. Алматы облысында 3311 науқас, Шығыс Қазақстан облысында – 2860, Қызылорда облысында 2495 адам диспансердік есепке алынған», - деді МСҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Қазақстанда туберкулез тегін емделеді. Туберкулездің алдын алу, анықтау мен емдеу кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізіледі. 2019 жылы аталған дертке шалдыққан азаматтарды емдеу мен әлеуметтік көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 47,7 млрд теңге бөлінді.

«Егер дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса туберкулезді толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор. Соның арқасында 2000-2016 жылдар аралығында әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған», - деді Забира Оразалиева.

Мамандардың пікірінше, әдетте, туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Қазақстанда құрт ауруы интеграцияланған бақылау стратегиясы бойынша емделеді. Ол туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың емханада, амбулаторлық жағдайда ем қабылдауына мүмкіндік береді.

«Туберкулездің алдын алу үшін жыл сайын емханаға барып, тұрақты тексеруден өтіп тұру қажет. Мемлекеттік тапсырыс аясында тегін жүргізілетін тексеру мен екпе түрлеріне тоқталар болсақ: БЦЖ вакцинасы – туғаннан кейін бірнеше күн ішінде салынады; 7 мен 14 жас аралығында БЦЖ-дан ревакцинация жасалады (екпе екпес бұрын – Манту сынамасын салып, организмнің реакциясын тексереді); флюорографиялық скрининг (ересектерге, жыл сайын), сондай-ақ көрсетілімдер болса: рентгенография жасау», - деп сөзін түйіндеді Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры.

Әділет МҰСАХАЕВ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы