Биыл төртінші тоқсан уақытында аяқтала ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Кәрімова төртінші тоқсан уақытында аяқталатынын айтты.
Наурыздың 31-не IV тоқсан ұйымдасқан түрде басталады. Біз үшін бұл үлкен жаңалық. Себебі пандемия кезінде 2 жыл ішінде онлайн да, офлайн да, аралас форматта да оқыдық. Енді осы төртінші тоқсан штаттық форматта жұмысын бастайды, - деп айтты БҒМ өкілі.
Оның сөзінше, IV тоқсан ең маңызды және шешімді болғандықтан ерекше болмақ.
Биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталады. IV тоқсан 8 аптаға созылады. Қаңтар айында оқушыларға қосымша бір апта демалыс күндері берілген болатын. Осы уақытта өтілмей қалған тақырыптар соңғы тоқсанда біріктіріліп өткізіледі, - дейді Гүлмира Кәрімова.
Сөзінше, соңғы тоқсанның тағы бір ерекшелігі бар.
24 наурызда ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша кабинеттік жүйеге қайта көшу бойынша шешім шығарылған болатын. Яғни бұған дейін оқушыларымыз бір кабинетте оқып, біліп алған болатын. Ал енді қазір оқушылар әр сабақты пәндік кабинетте оқи алады. Маска режимі, әлеуметтік қашықтық пен Ashyq жүйесі бойынша білім мекемелеріне талаптар қойылмайды. Дегенмен оған қарамастан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау жалғаса береді, - деп түсіндірді ол.