Биыл теңге бағамы қалай өзгерді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық валютаны еркін айналымға жібергелі теңге бағамы бірнеше рет құлдырап, қайта күш алған кездері болды. Содан бері халық пен қаржыгерлер тағыда девальвация болама екен деп алаңдаумен келеді. Осы тұрғыда “Pro Gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халықпен тілдесіп, 2019 жылы теңге бағамы қалай өзгерді, оған қандай факторлар әсер етті? Алдағы уақытта теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Сарапшының айтуынша, биыл теңге бағамы тұрақты болған және оған бірнеше фактор әсер еткен.
Ұлттық банк келтірген соңғы мәліметтер бойынша осы жылы теңгенің долларға қатысты өзгерісі 0,1% ғана құраған. Демек, биыл теңгенің тұрақты болғанын көрсетеді. Оған қандай факторлар әсер етті дегенге келсек, оңтайлы әсерін тигізген ең бірінші фактор ол жыл басынан бастап еліміздің сыртқы сауда балансы оң көрсеткішті көрсетіп отырды. Жылдың алғашқы жартысында жақсы тенденция болды деп айтуға болады. Негізінен өсім болды, яғни сыртқы сауда балансында оң сальдо болды, ол дегеніміз импорт пен экспорттың айырмасы. Әлемге қаншалықты тауар сатып отырмыз және қанша тауар сатып алып отырмыз дегенді білдіреді. Осы жерде экспорттың үлесі басым болса бұл ел экономикасы үшін тиімді және ұлттық валюта үшін де оңтайлы әсерін тигізіп отырады. Сондықтан өткен жылдан бастап сыртқы тауар айналымда оң көрсеткіш болғаны теңгемізге жақсы әсер етіп отырды, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол теңге бағамы минералды ресрустардың экспортына тікелей байланысты екенін де айтып өтті.
Біздің экспорттың 70% минералды ресурстар құрайды, оның ішінде негізінен мұнай мен газ. Сондықтан болса керек әлемдегі мұнай бағасы теңгемізге әсер ететін фактор ретінде қарастырылады. Мұнай бағасы егер күрт төмендесе амалдың жоғынан артынан біздің теңгеміз де әлсірейтіні бар. Соңғы жылдары 1 баррель мұнай бағасы 60 доллардың үстінде тұрақты сақталып отыруы теңгеміздің де белгілі дәрежеде тұрақты болуына өз әсерін тигізіп отырды,- деді М. Халық.
Сарапшының айтуынша, еліміздегі шикізат емес, толық өндірілген тауарлар әлемге экспорттаталын болса ол ел экономикасы үшін тиімді және теңгеміздің қуатты болуына әсерін тигізетін болады.
Жыл басынан бері теңге бағамында бірнешге рет құбылу болды. Жаз кезінде оған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да әсер етті. Дегенмен биыл теңге бағамында оң өзгерістер болғанын көріп отырмыз. Жыл бойына теңгеміздің 0,1 пайызға құнсыздануы оң өзгеріс екенін атап өту керек. Оған экспорт көлемінің артып, импорт деңгейінің төмендеуі оң әсер етті. Оның үстіне мұнай нарығындағы бағаның тұрақтылығын да қосыңыз, - дейді ол.
Теңге құлдырайды деген болжам расталмады
Теңге еркін айналымға кеткелі бері әр жылдың алғашқы жартысында теңгеміз тұрақты болып, екінші жартысында әлсіреген тенденциясын байқадық. Дегенмен дәл осы жылы ондай көріністі көрмедік. Өйткені көптеген экономистер доллар жылдың соңына қарай 400 теңгенің үстіне шығады деп болжаған болатын. Жылдың басында мен де сондай болжам жасаған едім. Бұл жерде неге олай болмады, теңге неліктен тұрақтылығын сақтап қалды дегенге келсек оған АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі доллардың кілтті пайыздық мөлшерлемесін мақсатты түрде төмендетуі болды. Жылдың ортасынан бастап 2-3 айдың ішінде 3 мәрте доллардың кілттік пайыз мөлшерлемесін түсірді. Біріншісінде 2,5-2,25%, екіншісінде 2,25-2%-ға, күздің ортасында 2-1,75% дейін түсірді. Бұл дегеніміз белгілі бір дәрежеде доллардың өзге елдердің валюталарына қатысты құрамын төмендетуге септігін тигізді, - дейді ол.
Оған Трамптың өзі әсер еткен көрінеді. Себебі Қытаймен арада болған сауда соғысы және Еуропаға қатысты да Трапм ренішін білдірген. Еуропаның орталық банкі еуроның базалық, яғни кілттік пайызын соңғы жылдары 0% деңгейінде ұстап отырған.
Бұл Америка тауарларының еуропа тауарларына қарағанда бәсекеге қабілеттігі төмен болуына әсерін тигізіп отырды. Сондықтан Трапм федералды резервтер жүйесінен солай жасауын талап етті. Долларды әлсіретпесек біздің тауарларымыз бәсекеге қабілеттілігін жояды деген позицияны ұстанды. Бұл өз кезегінде доллардың әлем елдері валюталарына қатысты бағасының төмендеуіне септігін тигізді. Яғни тамыз, қыркүйек айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 400 теңге болып кетпеуі осыдан болып отыр, - дейді сарапшы.
Ұлттық банк теңгені қолдан қуаттандыруға ешқандай өктемдік жасамады
Сарапшы сөз арасында теңге бағамының тым құлдырап кетпеуі үшін Ұлттық банк биыл ешқандай интервенция жасамағанын айтты.
Ұлттық банк бұрын доллар бағасы шарықтап кетпеу үшін күш салатын. Теңге еркін айналымға көшкенімен де Ұлттық банк жоғары дәрежедегі өзгерістер орын алып кетпес үшін арасында интервенция жасап отыратындарын айтып, өздерінің позициясын анық білдірді. Осы жылдағы статистикаға қарайтын болсақ Ұлттық банктің интервенциясы 0 көрсеткішінде тұр. Бұл Ұлттық банктің теңгені қолдан қуаттандыруға ешқандай өктемділік жасамағанын білдіреді,- деді сарапшы.
Оның айтуынша, наурыз айында Елбасы президенттік міндеттен кеткен тұста ақша айырбастау орындарында доллардың бағасы бірден шарықтап кеткен. Сол кезде Ұлттық банк интервенция жасаған екен.
Оны Ұлттық банк ресми мәлімдеді де. Ол кезде 308 млн доллар көлемінде интервенция құйған болатын. Кейін сәуір айында өткізген брифингте Ерболат Досаев 308 млн долларды наурыз айының соңында қайтарып алғандарын айтты. Яғни халықтан қайта сатып алған. Сөйтіп бұл көрсеткішті 0 келтірген,-дейді ол.
2020 жылы теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін
Алдағы уақытта теңге бағамы қалай өзгереді дегенге келсек, бұл тұрғыда бір қауіп бар. Ол ел экономикасының шикізаттық бағытта сақталуы және келешекте де біз бұл процестен арыла қоймаймыз. Экспорттың 70% жуық көлемі әлі де болса сол шикізат пен минералды ресурстарға тиесілі. Сондықтан сол мұнай бағасының күрт құбылуы біздің теңгемізге де кері әсерін тигізіп кетуі мүмкін. Біз экономикамызды әртараптандырып, өнеркәсіп пен өндіріс ошақтарын дамытпағанша бұл үрдіс үзілмейді. Елге тартылған инвестицияның өзінен қарайтын болсақ инвестицияның 90% осы шикізат секторына бағытталған. Шамамен 10 пайыздан астамы ғана өндіріс саласына жұмсалып отыр. Бұл алдағы уақытта да шикізат бағыты сақталатынын көрсетеді,- дейді ол.
Сонымен қатар, ол АҚШ-тың федералды резервтер жүйесінің кілт пайызын осы көлемде сақтап отырса теңгеміз де тұрақты болып тұра беретінін айтты.
Қазір Трампқа импичмент жарияланып жатыр, алдағы уақытта ол орнынан кетіп, басқа президент келсе онда саясаттары әрине өзгеруі мүмкін. Тағы бір фактор Ресей рублі. Осы жылы теңгенің рублге қатты тәуелділігі көрінбеді. Алайда рубль қатты құнсызданып жатса ол көп ұзамай біздің теңгеге де кері әсерін тигізеді. Егер осындай сыртқы факторлар тұрақты болып тұрса, ол теңгемізге қолайлы болады,- дейді сарапшы.
Finprom зерттеу орталығының мәліметінше, 2019 жылдың 10 айында елімізде доллар сатылымы 1,6 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылға қарағанда 44% жоғары екен. Әсіресе қазан айында еліміздің барлық өңірінде доллардың сатылымы жоғары көрсеткішке жеткен.
Қазан айында ақша айырбастау орындарындағы АҚШ долларының таза сатылымы 182,2 млрд теңге болған, бұл өткен айға қарағанда 20,8% артық, ал өткен жылмен салыстырғанда 50,9% жоғары.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек жаңа жылдың алғашқы айларында ұлттық валюта бағамы біршама әлсірейді.
Желтоқсан айындағы сауалнама нәтижесінде, қаржы нарығының қатысушылары USD-KZT жұбы бойынша қаңтардың басында орташа бағам 1 долларға 387,9 теңге деңгейінде қалыптасады деген пікір білдірген. Сарапшылар, сонымен қатар, мұнай бағасы барреліне 62,6 долларға дейін төмендейді деп болжам жасап отыр. Қазір бір баррель мұнай бағасы – 64,2 доллар. Сондай-ақ, жыл басында Ресей рублі де сәл-пәл арзандап, 1 доллар 63,80 рубльге сатылуы мүмкін.
Сарапшылар әлемдік экономикадағы жағдай және ОПЕК-тің мұнай өндіруді қысқартуына байланысты, орта есепті мерзімде мұнай бағасы біршама қымбаттауы мүмкін деген ойда. Мәселен, Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжам бойынша 12 айдан соң баға барреліне 60,3-тен 62,1 долларға көтерілуі ықтимал. Бұл өз кезегінде теңге бағамының тұрақтылығын сақтауға әсер етпек.