Биыл тарих пен әдебиет порталына 10 жыл
Биыл «Qazcontent» АҚ медия компаниясына қарасты adebiportal.kz және e-history.kz тақырыптық порталы 10 жылдығын атап өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында екі порталдың жұмысмен танысып, қазіргі атқарып жатқан шаруаларын білдік. Ұлт тарихын электронды жүйеде насихаттауды мақсат еткен «Қазақстан тарихы» порталына 10 жыл. Осы орайда порталдың бас редакторы Алтынбек Хумырзахпен тілдестік.
Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан жылдар шегінде порталдың атқарған жұмыстары да жетерлік.
«Qazaqstan tarihy» порталы – ұлттық тарихымыз туралы нақты және толық ақпарат беріп, тарих ғылымы саласындағы жетістіктерді насихаттап келе жатқан бағыты айқын бірегей жобалардың бірі. Qazcontent АҚ–ның заманауи, цифрлы, гуманитарлық интернет-өнімі. 2013 жылы 5 маусымда Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілетін арнайы оқу, анықтамалық «Қазақстан тарихы» веб-порталын іске қосу және және оны интернет-ресурстарда белсенді таралуын қамтамасыз ету» деген тапсырма қойған болатын. «Qazaqstan tarihy» веб-порталын әзірлеу бойынша жұмыс осы хаттамалық тапсырмадан басталды. Сол жылдың 25 қыркүйегінде Мемлекеттік хатшының хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ және Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен e-history.kz домендік атауымен «Qazaqstan tarihy» порталы құрылды, - дейді бас редактор Алтынбек Хумарзах.
Порталдың басты мақсаты оқырманға, шетелдік қонақтарға сайт контентін үш тілде ұсыну. Портал сол үрдістен айнымай 10 жыл ішінде үрдісті қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде контент әзірлеп келеді.
Сайт лентасы күнделікті жаңарып, қызықты контенттерді әзірлеп отыр. Мақала авторлары – портал қызметкерлері, белгілі тарихшылар, ғалымдар, мұрағатшылар, археологтар және тарих саласының мамандары. Портал жас ғалымдарға әркез қолдау көрсетіп, олардың ғылыми мақалаларын, зерттеулерін, тарихи еңбектерін портал бетінде жариялап келеді. Сондай-ақ порталда 7 маман штаттық кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Штаттан тыс мамандарымыз да бар, - дейді бас редактор.
Порталдың негізгі миссиясы қазақ тарихын таныту.
«Qazaqstan tarihy» қазақ халқының ежелгі тарихынан бастау алып, қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша цифрлы ақпараттық арна құру миссиясын арқаралаған болатын. Ол мақсатымызды орындадық деп ойлаймын. Портал ашылған жылдары ауызша тарих, өлкетану, шежіре, қазақ халқының мәдени мұрасы сынды бөлімдерді толықтырып жұмыс істеді. Қазақстан тарихы мен тарихи мәселелерді интернет әлемінде насихаттап отырған бірегей жобаға айналды. Бір сөзбен айтсақ, бір институттың жүгін арқалап отырған порталға айналды. Әрине бұл жұмыстарды істеуге портал ұжымы ғана емес, Қоғам тарапынан да, еліміздегі тарих ғылымын зерттеп жүрген институттар тарапынан да қолдау мүмкіндіктері ерекше болды. 10 жыл уақыт ішінде портал Қазақстан тарихы ғылымы бойынша электронды оқулықтардың жинақталған мол қорын қалыптастырды, - дейді Алтынбек Хумарзах.
Порталдың Е-кітапхана бөлімінде тарихқа қызығатын жандар үшін 1000-ға жуық оқулық пен оқу құралының, монографиялар жинақталған. Бұдан бөлек күнделікті жарияланымдар санатында 10000-нан астам материал бар. «Қазақстан тарихы» 5 кезеңінің толық электронды базасы қалыптасқан. Порталда контент «Қазақстан тарихы», «Тарих 5 минутта», «Оқушыларға», «Тарихи білім», «Киелі Қазақстан», «Тұлғалар», «Ұлы дала», «Арнайы жобалар», «Мультимедиа» санаттары бойынша ұсынылады.
Биыл қыркүйек айының 25 жұлдызында порталдың ашылғанына 10 жыл толады. Он жыл ішінде жеткен жетістіктер де біршама, жүзеге асырған жобалар да жетерлік. Бас редактор Алтынбек Хұмарзақ өзі жетекшілік еткен соңғы 5 жылдағы жетістеріне тоқталды.
Бірінші белес. «Qazaqstan tarihy» алғашында мәтіндік контенттер ғана әзірлейтін. Қазіргі уақытта жылына 2000-минутқа жуық видео контенттер әзірлейтін мультимедиялық жобаға айналды. Екінші белес. Энциклопедиялық дүние деп порталдағы «Қазақстаника» бөлімін атауға әбден болады. Әзірге «Рухани мұра», «Георгафия» және «Аңыз әңгімелер» деген үш кітаптан тұратын сүбелі мұра А-дан Я-ға дейін энциклопедиялық реттілікпен сап түзеген. Үшінші белес. Ұжым өзім жетекшілік еткен бес жыл бойында әртүрлі жобаларды іске асырды. «Әулет» 20 сериялы деректі фильмдер топтамасын, «Семей полигоны», «Ұлытау. Ұлық Ұлыс» деректі тарихи фильмдерін, «Жүз ауыл», «Әскери тарих», «Алаш100», «Ұлы дала», «Қазақстанның бейнелі тарихы», «Тарих ағай», «Quiz» жобалары оқырмандарын қызықтыра алды. Биылдың өзінде оқырмандарымызға «Qeoқазық», «Көшелер тарихы», «QazaqTalk» мультимедиялық жобалары мен «Сұлтан Бейбарыс 800», «Күндерек» жобаларын қолға алып отыр. Төртінші белес. Отандық және шетелдік тарихшы ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, олардағы танымдық, архивтік деректерге қол жеткізді. Жамбыл Артықбаев, Бүркіт Аяған, Бекен Қайратұлы, Зиябек Қабылдинов, Еркін Әбіл және Әбдіуақап Қара, Ахмет Ташағыл т.б. отандық және шетелдік ғалымдардың авторлық беттері ашылды. Бесінші белес. Сан алуан тақырып пен мазмұнды контенттерді жариялау арқылы сауатты оқырмандар аудиториясын жинаған порталдың қазақстандық рейтинг көрсеткішінде 36-орында тұр. Тек тарихи тақырыптарды көтеруде салалық сайттардың ішінде бірінші орынға сөзсіз ие. Алтыншы белес. Еліміздің әрбір өңірі мен шетелдерге халықаралық экспедициялар ұйымдастырып, әр түрлі форматта контенттер жинады. Жетінші белес. «Qazaqstan tarihy» порталы екі бағыт (вертикаль) бойынша жұмыс істеуді қолға алды. Біріншісі Қазастан тарихын оқыту вертикалі (Оқушылар мен студенттер). Екіншісі – жарияланымдар вертикалі (Ғалымдар мен тұрақты оқырмандар). Биылдан бастап алғашқы бағыт бойынша «ҰБТ сұрақтары» бөлімін жаңарттық. Бұл бөлім бойынша мектеп оқушылары мен студенттер ҰБТ сұрақтарына жауап беріп, қателермен жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар, - дейді бас редактор.
Порталдың алдағы уақытта атқаратын жоспарлары да көп.
Абай атамыз: «Артық білім – кітапта» деген ХІХ ғасырда. Бірақ бүгінгінің артық білімі «Youtube» желісінде. (Дегенмен кітаптан асқан білім жоқ!) Әлем елдері бойынша осы видеохостингті қолданушылардың қатары артып келеді. Youtube арқылы күн сайын көрілетін видеолар саны 2 миллиардтан асқан. Соңғы уақытта Qazaqstan tarihy интернет жобасы видеоөнімдерді әзірлеп, порталдың «Youtube» каналын дамытуға көңіл аудара бастады. Қазіргі уақытта «Youtube» каналымызда 50 мыңнан астам оқырман тіркелген. Алдағы уақытта оқырман санын 100 мыңға жеткізіп, «күміс батырма» алсақ деген мақсатымыз бар. Сондай-ақ видеоконтенттеріміздің сапасы мен мазмұнына да мән беріп, тіпті телеформаттан да асқан дүниелерді жүзеге асырсақ деген жоспарларымыз бар. Бүгінгі таңда оқырманның өзі сайттан да кетіп жатқанын көріп, отырмыз. Оқырман қысқа видеолар мен әлеуметтік желідегі посттарға назар аударатын жағдайға бара жатыр. Сондықтан әлеуметтік желідегі белсенділігімізді күйшейтіп, аудитория ауқымын кеңейтуді тағы бір жоспарымызға кіргізіп отырмыз. Үшінші жоспарымыз Уикипедия аудиториясына шығу. Интернеттегі қазақ тіліндегі ақпарат массивтерінің үлкен бір бөлігі Қазақша Уикипедияда шоғырланған. Айына орта есеппен қазақша Уикипедияның беттері 13.7 млн рет қаралады (күніне 457 мың). Сол Қазақша Уикипедия да әлі де әдебиет және тарих бойынша қаншама терминдер мен ұғымдар, есімдер мен зерттеулер өз кезегін күтуде. Осы орайда Қазақша Уикипедияға сайт сілтемесін көптеп орналастырып, контенттер әзірлей бастадық. Бұл жұмыстарды да жандандырып, сайттағы материалдарымыздың 30 пайызын уикиге апаруды мақсат еттік. Сол арқылы іздеу жүйесінде уикиден кейін Қазақстан тарихы сайттарының материалдары көптеп шықсын деп. Жоспар көп, негізгі айқындалған мақсаттарымды өзіңізге жіктеп айтып отырмын. Қалған ірі-ұсақты арнайы жобаларымызды өздеріңізге сүйіншілеп, әлеуметтік желі арқылы да жариялап отырамыз, - дейді Алтынбек Хумарзах.
Айта кетейік, «Qazaqstan tarihy» сайты қазақ тарихынан сыр шертетін бірегей порталдың бірі. Қазіргі таңда интернет желісінде елімізге, оның мәдениеті мен тарихына деген қызығушылық ерекше қалыптасқан. Соңғы жылдары шетелдік азаматтар Қазақстанның тарихы мен көрікті жерлеріне, әсем табиғатына қызығып, туристік мақсатта көптеп келіп жатыр. Ал сол туристердің көпшілігі порталға хабарласып, тарихи жерлер туралы ақпараттарды сұрайды. Туристер үшін де өте таптырмас портал деп айтуға болады.
Бізге хабрласқан туристердің сұраныстарына сай материалдар әзірлеп, еліміздің тарихына қатысты қызықты деректерді жазуға тырысамыз. Шынын айтқанда, жергілікті халықтың өзі өз аймағындағы тарихи жерлер мен туристік орындар туралы жеткілікті түрде ақпарат біле бермейді. Сондықтан болар біздің порталға әрбір өңірден сұрау салып, тарихи орындар туралы деректер сұрайтын оқырмандар саны көп. Екіншіден ғаламторда тарихымызға қатысты контенттердің үлесі көп. Әсіресе, соңғы уақытта офлайндағы көптеген ақпар онлайнға өтіп жатыр. Дегенмен, олардың барлығы нақтылы, зерттеліп, зерделенген тақырыптар деп айта алмаймыз. Біздің ерекшелік - ұлт тарихына қатысты деректерді сұрыптап, екшеп, талдап, мультимедиялық мүмкіндіктерін қосып оқырман қауымға ұсыну. Бүгінде құрғақ ақпараттық тасқыны басым уақытта порталымызды оқитын оқырмандар үлесі де жақсы көрсеткішке ие. Сондықтан оларға сапалы, нақты, зерттелген контенттер ұсынсақ, аудиториямызды сақтап қалуға мүмкіндік те зор болады. Үшіншіден жоғарыда айтқандай еліміздің жетекші институтының ғалымдары мен шетелдік әріптестеріміз біздің порталмен әркез байланыста. Көптеген тақырыбымызды сол кісілермен ақылдасып, бірлесіп талқылайтынымыз да бар. Отандық және шетелдік ғалымдар авторлық беттерінде ашып отырмыз. Олардың зерттеу мақалалары да «Қазақстан тарихы» бөліміне жүйеленіп орналасады, - дейді Алтынбек Хумарзақ.
Бас редактордан порталға келетін жас мамандардың қызығушылығын сұрадық.
Қазіргідей індет жайлаған қиын заманда журналист, дәрігер, полиция, мұғалім сынды мамандықтардың қадірі артты. Расында, телеарна, радио, интернет-сайт, газет-журнал тілшілері коронавирус індеті кезінде алдыңғы шепте жүріп, басын қауіп-қатерге тігіп, еңбек етті. Халыққа шынайы, ресми ақпаратты жеткізуге тырысты. Шерхан Мұртаза атамыздың: "Журналистердің арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" дегені осындайда айтылса керек-ті. Тілші қауым өкілдері журналистиканы мамандық ретінде ғана емес, қоғам үшін үлкен миссия жолында жүк арқалағанын міндет етеді. Әсіресе, бүгінгідей дүрбелі кезеңде ақпараттың маңыздылығы үлкен рөл атқарып жатыр. Ғаламтор дәуірі дендеген уақытта жас та, кәрі де қалта телефонына телмірген заманда дұрыс ақпарат пен бұрыс ақпараттың әсері ерекше. Ендеше, олармен күресте жүрген тағы да өзіміздің әріптестеріміз. Сондықтан бізге келетін жас маман, жұмысына адалдық танытып, өз зерттеу арнасына шынайы берілсе. Цифрлы журналистика қазанат сияқты. Тоқтату мүмкін емес, тек оның жылдамдығына ілесе білу керек. Сондықтан бүгінгі таңда конвергентті журналистиканың дәуірі туды. Келген жас маман конвергентті журналист маманы болмаса да, икемі болса, өзіміз де тәрбиелеп аламыз, - дейді Алтынбек Хумарзах.
Ал қазақ әдебиетін насиахаттап жүрген «Әдебиет» порталы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» АҚ тарапынан әзірленіп, 2013 жылы 25 желтоқсанда ашылды. Портал өз қызметі арқылы танымдық-теориялық, педагогикалық-ағартушылық миссияны ұстанады. Оқушылар, студенттер, оқытушылар және жалпы қауым өзіне керекті ақпаратты осы порталдан таба алады. Порталдың жұмысымен танысу үшін бас редактор Нұрлан Хабдаймен тілдесіп, порталдың істеп жатқан жұмысымен таныстық.
Қазақ әдебиетіндегі процесті насихаттаумен, хабарлаумен келе жатыр. 10 жылда қазақ әдебиетінің үлкен базасы осы жерде қалыптасты деп сеніммен айта аламыз. Мыңдаған автордың жеке парақшалары бар. Автордың кітабы, өмірбаяны, аудиосы, автор туралы мақалалар барлығы парақшада жиналып тұрады. Осы аралықта 2000-ға жуық автордың базасы қалыптасты. Үш тілде жазылған кітаптарды да әдебиет порталынан табуға болады. Қазақстандағы бірден-бір әдеби платформа. Кейінгі шығып жатқан санаулы әдеби сайттар болса, осы әдебиет порталының үлгісімен жасалған деп айтуға болады, - дейді бас редактор.
Нұрлан Хабай 2018 жылдан бер порталда жұмыс істейді. Штатта 6 қызметкер бар. Барлығы әдебиеттің айналасындағы адамдар. Шаттан тыс қызметкерлер де бар. Олардың арасында қазақ әдеби сынының ағасы Амангелді Кеңшілікұлы да осы порталда қызмет атқарады. Портал тек шығармалардан ғана тұрмайды. Портал тек әдебиет саласымен ғана байланып қалмаған. Руханияттың кез-келген саласына қатысты материалдарды оқуға болады. Демек портал өз миссиясын толықтай орындап жатыр.
Портал негізгі миссиясын орындай алып жатыр деп ауыз толтырып айта аламын. Негізгі мақсаты да сол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қазақ әдебиетін насихаттау. Демек 100 пайыз орындап жатыр, - дейді Нұрлан Хабдай.
Порталға келетін жастардың да қызығушылыға жаман емес сияқты.
Қазіргі уақатта жастардың әдебиетке қызығушылығы жаман емес. Биыл порталға тәжірибеден өтуге 7 студент келді. Аға-әпкелерінің жанында жүріп түрлі материалдар жазды. Жалпы жастардың әдебиетке қызығушылығында екі дүниені айтуға болады. Біріншіден қазір жақсы дүние болмаса оқылмайды. Тартымды болуы керек. Ал, біреулер айтады қысқа-нұсқа дүниелер көп оқылады дейді. Негізі олай емес. Жақсы шығарма болса міндетті түрде оқылады. Мысалы Нобель сыйлығын алған жазушылардың арасында кірпіштей-кірпіштей романдары сыйлық алып жатыр. Демек оны жалықпай, сүйсініп оқиды. Сондықтан ұсынған шығармаң, контентің жақсы болса жастардың да қызығушылығы жақсы болады, - дейді бас редактор.
Порталда негізгі оқырмандардың басым көпшілігі жастардан құралған. Гугл аналитика анықтап бергендей порталды пайдаланатындардың қатарында мектеп оқушылары мен студенттер екен. Себебі олардың әдебиет сабағына қажет қандай материал керек соның барлығын сайттан таба алады. Порталға биыл ҰБТ сұрақтары жобасы қосылған. Ұлттық біріңғай тест орталығымен бірігіп жасалған. Бұл жерде оқушылар сынақ тестінен өтуге мүмкіндігі бар. Әдетте мұндай тест сұрақтарынан ақылы түрде өтетін болса, порталда тегін тест тапсырып көруге болады.
Сондай-ақ портал жаңа жобаларды қолға алған.
«Деген екен» жобасы қазақтың ақын-жазушыларының юморлық әңгімелері. «Айналайын ақылдым» балаларға арналған жоба да жақында жарыққа шығады. Бұл жобаның негізгі идеясы төменгі сыныптың оқушылары мен бала-бақшаның балаларына жақсы тақпақтарды ұсыну. Қазір тақпақ деуге келмейтіндерді жаттайды. Сол үшін біз жақсы дүниелерді бір жерге жинақтаймыз. Біздің порталдан оқи алатындай мүмкіндігі болады,-дейді Нұрлан Хабдай.
Осы 10 жылдықта атқарылған шарулар да аз емес.
10 жылдықта өте көп жоба жүзеге асырылды. «Ауыл» партиясымен бірігіп жыл сайын «Ауылым – алтын бесігім» әдеби байқауы өтеді. Сайын Мұратбеков, Таласбек Әсемқұлов секілді үлкен әдебиетшілердің байқауы болғанда осы біздің порталмен бірігіп жұмыс істейді. Оқырман бәйгеге келіп түскен шығарманы алдымен әдебиет порталынан танысады. Биыл сондай-ақ «Жетісу көктемі» деген бәйге өткіздік, - дейді бас редактор.