Биыл табиғи ортаға 78 млн құнды балық жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде «Браконьерлікпен күресу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шарада ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев балық шаруашылығы мәселесін көтерді. Ол Қазақстандағы балық ресурстарының өсімін молайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіштерін атады.  Вице-министрдің мәліметінше, 2019 жылы табиғи ортаға 78,4 миллион құнды балық түрлерін жіберу жоспарланған. 

«Биылғы жылдың 7 айында 53,5 миллион құнды балық түрлерінің шабақтары өсіріліп, табиғи ортаға жіберілді. Оның ішінде 7 миллион - бекіре шабағы. АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында балық өсіру, яғни акваөсіру көлемін 1,5 мыңнан 5 мың тоннаға жеткізу болжанып отыр. Биыл 3 мың тонна тауарлы балықты өсіру жоспарлануда», - деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министр журналистерге балық аулау лимитін игеру туралы да ақпарат берді. 2019 жылы министрлік 51,8 мың тонна көлемінде лимит бекітті, биылғы жылдың 7 айында оның 17,4 мың тоннасы ауланды. Балық ресурстарын пайдаланғаны үшін республикалық бюджетке 307,4 миллион теңге түсті.

Бұған дейін Нысанбаев орман өрттерінен келген залал 221 млн теңгені құрағанын айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы