Биыл "Тұмар" сыйлығы продакшн компанияларға да беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде IV "Тұмар" Ұлттық телевизиялық бәйгесі номинанттарының шорт-парағы жарияланды. 

Құрамына медиа индустриясының отандық және халықаралық өкілдері енген қазылар алқасы өз категориясы бойынша үздік атағына қырық үміткерді іріктеп алды. 

"Тұмар" Ұлттық сыйлығына биыл 10 номинация бойынша 211 жұмыс қабылданған. Өтінімдердің көп бөлігі "Үздік әлеуметтік жоба" және "Үздік деректі фильм" номинациялары бойынша келген, ал "Үздік телевизиялық сериал" номинациясында Қазақстанның төрт бірдей жетекші телеарнасының танымал сериалдары статуэткаға таласпақ.

Жыл сайын жұмыстардың сапасы жақсарып келеді, мысалы, телесериалдар тек тв-эфирге ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерге де бағыттала бастаған. Өзекті тақырыптар көбірек қозғалып, жаңа форматтар енгізіліп жатыр.
Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдар ішінде 898 қатысушы сыйлыққа ие болу үшін ниет танытты, олардың 138-і шорт-парақтарға енген.
Төртінші "Тұмар" бәйгесі ерекше болмақ. Іс-шараны ұйымдастыру комитеті өткен жылдардағы қазылар алқасы мен кәсіби қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, биылдан бастап "Тұмар" мүсіншесіне миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы тағайындауды шешті. Оған қоса, байқау тарихында тұңғыш рет қазылар алқасының құрамына тек қазақстандық телевизия мамандары ғана емес, халықаралық деңгейдегі сарапшылар да енді, – дейді Ұлттық бәйгенің қазылар алқасының мүшесі, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы.
 
Ұлттық бәйгенің мақсаты – кәсіби мамандармен әділ бағалауды ұйымдастыру арқылы қазақстандық телеиндустрияның дамуына септік болу. Бұл дегеніміз қазылар алқасының алдында күрделі тапсырма тұрды – берілген жобалардың барлығын қарап-талдау және оларға әділ баға беру, бұл бағалау саладағы үздіктерді тануға, олармен мақтануға және үлгі етуге үлкен септік, - дейді бәйгенің ұйымдастырушыларының бірі, "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры бас директорының орынбасары, танымал тележурналист Махаббат Есен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы