«Биыл судан тапшылық көрмедік». Үлкен Алматы каналының жағдайы қалай?
ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті «Қазсушар» РМК Алматы облысындағы Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында пресс-тур өткізді. Журналистер канал бойындағы шаруалармен кездесіп, каналдың бас ғимараты мен Бартоғай су қоймасын өз көзімен көріп қайтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанын, қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өткен болатын.
«Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы», – деп Мемлекет басшысы су саласындағы түйткілді мәселелерді көтерді.
Мамандар да әлемді дүрліктіріп отырған су тапшылығы елімізде де өзекті екенін жоққа шығармайды. Дегенмен су шаруашылықтары фермерлерге су жеткізуді тоқтатпайды. Алматы облысындағы шаруалар биыл судан тапшылық көрмегенін айтып отыр. Өйткені Бартоғай су қоймасы мен 168 километрге созылатын кең су құбыры желісі бар Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр.
Үлкен Алматы каналы 1985 жылы пайдалануға берілген. Кеңес одағы кезінде каналдың ықпалында 180 мың гектар суармалы жердің 140-150 мың гектары канал мен тау өзендері есебінен сумен қамтылған. Каналдың ұзындығы – 168 шақырым. Шелек өзінен әрі қарай Шамалған өзеніне дейін барып, Алматы қаласын кесіп өтеді. 24 шақырымы –жер каналы, қалғаны бетонмен қапталған. Қазіргі таңда суармалы жер екі есеге қысқарған. Д.Қонаев Үлкен Алматы каналы филиалы директорының міндетін атқарушы Мейрам Арыстанов мұның өзіндік себебі бар дейді.
«Биыл вегетациялық кезең сәтті өтті деуге болады. Алдын ала қажет жұмыстарды атқардық, каналды механикалық тазаладық, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жергілікті атқарушы органдар мен ауыр шаруашылығы корпоративтерімен бірлесе су пайдалану жоспарын әзірледік. Биыл Шелек өзеніндегі су орташа деңгейде болып, шаруашылықтарға жеткілікті суды бердік. Бұл құрылым көп дегенде секундына 87 текше метр суды өткізе алады. Ал біз қазір секундына 60 текше метр су беріп отырмыз», – деді Мейрам Арыстанов.
Ол Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айта кетті. Вегетациядан кейін 3-4 шақырымдай апатты учаскелерде жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен бірге, каналды толығымен автоматтандырып, цифрландыру құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Мейрам Арыстановтың сөзінше, жаңғыртуға және заманауи автоматтандыру жүйесін енгізуге алдын ала есеп бойынша 36 миллиард теңге қажет.
«Су магистралі республикалық меншікте болғанымен, каналдан бөлінетін ішкі аралық жүйелер балансымызда емес. Иесіз қалған жерлерде судың шығыны көп. Елу пайызға дейін суды жоғалтамыз. Одан бөлек жерді пайдалану мәселесі де өзекті. Бұрын ауыспалы егістік жүйесі сақталатын. Қазір 100 гектар жерді он шаруа қожалығы пайдаланады және олар ауыспалы егістікті сақтамайды. Бұл да суды пайдалану мәселесіне әсер етіп жатыр. Климаттық жағдай да бар. Шелек өзенінің су деңгейі өзгермесе де, бір жылдың ішінде өзгерістер бар. Биыл су деңгейі жақсы. Өткен жылдары су аз болды», – деді Үлкен Алматы каналы филиалы директорының міндетін атқарушы.
Үлкен Алматы каналы мекемесінде 300 жуық адам жұмыс істейді. Олар су деңгейін қадағалап, су жаптырықтарын реттеп, есеп жүргізеді. Орталық аппаратта отыз адам болса, қалғаны бөлімшелерде отырады. Каналдың бойында 40 жұмысшы қызмет етеді.
«Қазір бәрін қолмен басқарамыз. Автоматтандырсақ кабинетте отырып та судың қалай бөлініп жатқанын бақылай аламыз. Мұны үш-төрт жылда жасап қаламыз. Биыл Үлкен Алматы каналы бас ғимараты 60 мың гектар жерге суармалы су беру жөнінде 900 келісімшартқа отырды. Кейінгі жылдары облыста егістік көлемі өсіп келеді», – деді Мейрам Арыстанов.
Үлкен Алматы каналына су 1982 жылы пайдалануға берілген Бартоғай су қоймасынан келіп түседі. Ол Шелек өзенінің жайылмасында орналасқан. Күз бен көктем аралығында арнасына жиналған су жазда егістіктерді суғаруға жұмсалады. Су қоймасы вегетациялық кезеңде сәуірден қыркүйекке дейін егістіктерді суару үшін конус қақпалары арқылы суды лақтырады. Бұл кезде суағытқыштың қуаты секундына 40-45 текше метрге жеткенде субұрқақтың биіктігі жүз метрден асады.
Су қоймасының толық көлемі 320 миллион текше метрді құрайды, оның ішінде 70 миллион текше метрі – өлі су. Былтыр Шелек өзенінен су аз келген соң өлі көлемді жіберуге тура келген. Биыл су жеткілікті болғандықтан өлі суға тиіспеген. Су қоймасы өз режимінде жұмыс істейді.
«Үлкен Алматы каналы арқылы өңірде жүздеген шаруа егістігі мен бау-бақшасын суарып отыр. Соның бірі – 2013 жылдан бері алма өсіретін Amal Bio компаниясы. 150 гектар жерді алып жатқан бауға Италия мен Германиядан әкелген 15 сортты көшеттер егілген. Ағаштар 15-20 жылдық. Жыл сайын гектарына 40 тоннадан алма аламыз, келешекте 60-70 тоннаға жеткізу жоспарда бар, - дейді бас бригадир Жанболат Ахметов.
«Италия мен Германияға барып көрдік. Солардың технологиясы бойынша отырғыздық. Өздері де бас қасында жүрді. Бұршақтан қорғау үшін төбесін тормен жаптық. Еуропалық сорттарды жерсіндіріп жатырмыз. Бұрын суды ысырап қылып арықпен суаратын едік. Әр түпке қажет суды тамшылап береміз. Көктемде күн салқын кезде бір литрден берсек, жазда ыстықта түнде екі литрден суардық. Тамшылап суару өте тиімді екен. Бір жағынан суды үнемдейміз. Үлкен Алматы каналын салған Қонаев атамызға рахмет. Еңбекшіқазақ ауданында судан тапшылық жоқ. Суды уақытылы береді», – деді бас бригадир.
Алма ішкі нарықтан бөлек Монғолия, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі сынды шетелге экспортталады. Бауда 150 адам жыл бойы жұмыс істейді. Алма терімге Жаңатұрмыс, Қазақстан, Ащыбұлақ ауылдарының 120-ға жуық тұрғыны келеді.
«Кеңес заманында 12 жыл бригадир болғанымда бір гектарда 350-400 түп қана болатын. Ал мұнда әр гектарға 3200-3500 түп егілген. Бұрын елу жыл дегенде алатын өнімді қазір жақсылап қарасақ 15 жылда алуға болады. Өздеріңіз көргендей, алма жинау маусымы. Бұрынғыдай себет ұстап, сатыға мініп-түсіп жүрмейді. Бір жұмысшы күніне 1 200 келіге дейін алма тереді. Біз еккен алманы алты ай сақтауға болады», – деді Жанболат Ахметов.
280 гектар жерге жүгері мен жоңышқа егетін шаруа қожалықтың басшысы Магомед Гагалов екі жыл бұрын су мәселесі болғанын, алайда биыл судан тапшылық көрмегенін айтып отыр.
«Қожалықта 12 адам жұмыс істейді . Он күннен кейін егістікті жинаймыз. Биыл гектарына кем дегенде 10 тонна жүгері алуды жоспарлап отырмыз. Былтыр аздап су мәселесі болып, 8 центнерден жинадық. Жүгеріден бөлек жоңышқа егеміз. Мал азығы. Алам деушілер қазірден бар. Алматы облысы егін егуге қолайлы өңір. Биыл мүлдем су жетпеу мәселесі болмады. проблема болғТариф жақсы, устраивает. Жерге дән егіп еңбек етіп жүргеніме 24 жыл. Жыл сайын егін жақсарып келеді», – деді Магомед Гагалов.
2005 жылы құрылған «Ақсу-2004» әлеуметтік-кәсіпкерлік Саймасай селолық округіндегі 2000 гектарға жуық жерді алып жатқан 74 ірілі-ұсақ шаруашылыққа канал арқылы келген суды бөліп береді. сумен қамтамасыз етеді.
«Бірінші шаркалармен келісімшартқа отырамыз. Суды кезекпен береміз. Бұрын су ұрлайтындар болған. Қазір оның бәрі реттелді. Заңгер жұмыс істейді. Каналдан жеткілікті мөлшерде су келіп тұр. Былтыр су тапшы еді, биыл ондай мәселе жоқ», – деді корпоратив төрағасы.