Биыл Шымкентте кәсіп ашу үшін 1150 адамға қайтарымсыз грант берілмек

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте кәсіп ашуға қайтарымсыз грантты кімдер алуына болады, жұмыспен қамту жоспары қандай, «Ұрпақтар келісімшарты» деген жобаның мәні неде? 

Осы және тағы басқа әлеуметтік саладағы сауалдарға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова жауап берді. 

– Қазір халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау, адамдардың жаңа кәсіпті игеруі, бизнес ашуын қолдау бағытында қандай жобалар бағдарламалар бар? 

– Азаматтар бұрын қайтарымсыз грант бойынша 200 АЕК көлемінде ақша алатын, қазір 400 АЕК ала алады. Грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан да, орталықтан да бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл 1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған. Қазірге дейін 450-ге жуық азамат өтініш білдірген. Оның 336-сы ғана сәйкес екенін база анықтап берген. Қазір комиссияның шешімімен 226 адам оң шешімін қабылдаған. Осылайша бірінші лек өтті. Әлі бізде жыл соңына дейін 6 лек бар. Әр өтініш қабылдау басталардан бұрын әлеуметтік желі, БАҚ арқылы кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Былтыр 750-ге жуық грант берілді. Оның 200-ін тек жастарға жарияладық. Біздің байқағанымыз – грант алған ер азаматтар көбіне қолөнер бұйымын жасау кәсібін ашуға өтінім берген. Оңтүстікте қыздың артынан жасау алып баратын дәстүр бар. Жасауға қажет сандық сынды ағаш бұйымдарын жасау немесе домбыра жасау сияқты кәсіпті ер азаматтар өте жақсы алып кетті. Ал қыз-келіншектер көрпе төсек тігу, кондитерлік өнімдерін үйіріп әкетті. 

– Басқармаға қарайтын инватакси қызметінің жұмысын жетілдіру бойынша қандай жоспар бар? Осы қызметті бизнес жоспар негізінде ұсынса бола ма?

– Иә, бұл өтімді ұсыныс болады деп айта аламын. Қаламызда ерекше азаматтар саны күннен күнге көбейіп жатыр. Мұны жасыратын дәнемесі жоқ. Шымкентте 37 мыңға жуық мүкіндігі шектеулі азамат бар. Сондықтан да инватакси қызметі жетісе бермейді. Сол үшін де арызданушылар көп. Осыған байланысты біз көлік санын көбейту бойынша бюджеттік өтінім әзірлеп жатырмыз. 

– Инватакси қызметіне қалай жүгінеді? 

– «Тең қоғам» мемлекеттік мекемесі ашылған. Сол жерде инватакси және әлеуметтік таксиге жауапты мекеме ретінде бұйрықпен бекіткенбіз. Осы мекемеге барып, өтініш беруге болады. Немесе әлеуметтік желідегі парақшаларымызға телефонын қалдырса біз ол кісімен байланысып, қандай құжат тапсыру керек екенін және бұл қызметті кімдер ала алатынын айтамыз. Инватакси арбаға таңылған азаматтарға ғана тиесілі. Ал әлеуметтік такси қызметін тірек қимылы бұзылған азаматтар қолдана алады. 

– Грантты жеңіп алып, бірақ игере алмай қалу жағдайы кездесе ме, мұндай жағдайда айыппұл сала ма? 

– Иә, мұндай жағдай кезедседі. Мемлекетке грант ақшасын қайтарған кездер де болды. Ұтып алып, оны игере алмай қалғанда айыппұл міндетті түрде салынады. Біз мұндай жағдайды құзырлы органдарға береміз. Бізде де уақытылы құжат тапсырмай, із-түзсіз басқа қалаға көшіп кеткен азаматтар бар. Олардың бәрі табылып, алған қаржысы мемлекетке  қайтарылған жағдайлар болды. 

– Ал басқарма грант ұтып алған азаматтардың жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па екенін анықтау үшін белгілі бір уақытта тексере ме?

– Әрине, біз тексереміз. Біздің басқармаға қарасты Жұмыспен қамту орталығы бар. Сол жерде талдау мониторинг деген бөлім бар. Бұл бөлім тек грант алған азаматтарды емес, субсидия алған жұмыс орындарын да зерделейді. Мысалы, жастар практикасына барды ма, қоғамдық жұмысқа барды ма, грант алған азамат кәсібін бастады ма, жобада көрсетілген адам саны бойынша жұмыспен қамту болып жатыр ма, деген сияқты жұмыстарға мониторинг жасап отырады. 

– «Ұрпақтар келісімшарты» деген қандай жоба, оған кімдер қатыса алады? 

– Бұл – жаңа жоба. Бұған 29 жасқа дейінгі жастарымыз қатыса алады. Бұл зейнетке шығуына 6 ай қалған қызметкердің орнына бізден жас маман барады. Ол 30 АЕК көлемінде айлық алады. Зейнет жасына 6 ай қалған азамат сол 6 ай бойына жас маманға үйретіп, өз орнында жұмысқа қалдырады. Жоба қазір басталған. Басқарманың қаламызда 4 орталығы бар. Жас маман сол жерге барып, жұмыс іздеуші ретінде немесе жұмыссыз ретінде тіркеледі. Жобаға қатысуға болады. 

– Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат өткізу барысында құқық бұзу  кездесе ме? 

– Иә, біздің монитоинг бөлімінің тұрақты мониторинг жасап отыруының арқасында атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалған анықтама жасаған, сот орындаушылардың бланксін қолдан жасап алып келген жағдайлар анықталып, құзырлы органдарға тапсырдық. Мұндай жағдай анықталмай қалмайды. Тексеру барысында бәрі көрінеді. 

– Шымкент қаласында қазір атаулы әлеуметтік көмекті есептеу қалай жүргізіліп жатыр. 

– Егер көпбалалы отбасы болса, күнкөріс табысына қарамай мемлекеттің беретін ай сайынғы қаражаты бар. Әр балаға 11 мың теңгеден шығады. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толғанша ала береді. Ал атаулы әлеуметтік көмек деген отбасы аяғына тұрып кеткенше берілетін көмек. Бұл отбасы мүшелерінің кіріс көзін есептеп оны қанша сол отбасындағы адам санына бөледі. Әр қаланың кедейлік шегі белгіленген. Бізде кедейлік шегі 28 мың теңгеге жуық. Табысты бөлгенде әр адамға кірісі 28 мың теңгеден аспаса  ол адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Ал асып кеткен жағдайда тағайындалмайды. Бұл – 3 айға берілетін көмек. Отағасы немесе отанасы тұрақты жұмысын тауып кеткенше берілетін көмек екенін адамдар ұмытпауы керек. Енді кіріс көзін есептегенде әр отбасына әртүрлі тағайындалады. 

– Курортқа жолдама кімдерге беріледі, биыл қанша азаматқа беріледі? 

– Ерекше азаматтар әлеуметтік порталда ЭЦҚ арқылы еліміздің барлық санаториясынан 14 күн ем-дом алуына болады. Шымкент қаласында 83 мыңнан астам ардагер бар. Оның ішінде ҰОС қатыстандар мен оған теңестірілген және көпбалалы ардагер әжелеріміз 12 күн санаторийде курорттық ем ала алады. Бұл да сатып алу, сату арқылы таңдалады. Жеңімпаз курорттардың ішінен таңдау жасап, 6 күнге баруына болады. 2019 жылға дейін ардагерлер 10 күн демалуға барған. Ол кезде саны 4000-нан аспаған. 2019 жылдан бері 6 күнге өзгерді, бірақ саны көбейді. Былтыр 5500 азаматқа қаралса, биыл 9000-нан астам азаматқа қаражат қаралып отыр. 

– Биыл қанша адамды жұмыспен қамту жоспар бар? 

– Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші кезекте басқарма халықты жұмыспен қамтиды. Ерекше азаматтармен, ардагерлермен және осал топтағы азаматтармен жұмыс жүргізеді. Одан бөлек көші-қон мәселесі бойынша құжаттарды рәсімдеп, қандастарға статус бері бағытында жұмыс атқарады. Басқарма тарапынан биыл 58 мың заматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жұмыспен қамту шараларына 33 500 азамат қатысса, 24 000 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Оның 14 мыңы тұрақты жұмыс орны болса 10 мыңы уақытша жұмыс орны болмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы