Биыл шетелдік жұмыскерлерді тартуға қанша квота бөлінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді және бөледі.
2022 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31% немесе 28,3 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.
2022 жылы ШЖК тартуға квота мынадай түрде 4 санатқа бөлінді: бірінші санат бойынша 1 243 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат бойынша 6 499 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 13 887 және 3 421 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 302 адам тартылуы мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы жергілікті атқарушы органдар 18,2 мың бірлік мөлшерінде ШЖК тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсаттар берді және ұзартты, бұл белгіленген квотаның 64% - ын (29,3 мың) құрағанын естеріңізге сала кетейік. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырды.