Биыл ШҚО-ның 8 ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары басталмақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Зайсан ауданының 8 елді мекеніне газ құбырларын жеткізу жұмыстары басталуы мүмкін. Бұл жөнінде бүгін облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесінде ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Букатов мәлімдеді.

«Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел аумағын одан әрі газдандыру бойынша бесінші әлеуметтік бастамасын іске асыру мақсатында облысымызда арнайы Жол картасы әзірленіп, жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта Зайсан ауданын газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2015 жылы «Тарбағатай-Мұнай» кәсіпорны Зайсан қаласындағы автоматтандырылған газ бөлу станциясы мен 9 елді мекенге газ құбырларын тарту жұмыстарын аяқтаған болатын. Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдайға сүйенсек, Зайсан қаласындағы 5035 үйдің 2320-сы газ құбырларына қосылған. Бұдан бөлек бес мектеп пен 88 коммерциялық және 17 бюджеттік ұйымдардың ғимараттары қосылды. 2018 жылы Зайсан ауданының Айнабұлақ, Кеңсай, Қарабұлақ, Қайнар, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал және Үлкен Қаратал сияқты 9 елді мекенінің ішіндегі үйлерге газ тарту жұмыстары аяқталды», - дейді Асхат Букатов.

Қазіргі уақытта аталмыш ауылдардағы тұрғын үйлерді газ құбырларына қосу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтқан жауапты тұлға 2065 үйдің 970-нің орталықтандырылған құбырға қосылғанын алға тартты. Өткен жылдың маусым айында аталған ауылдардағы газ құбырлары «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-нан аудан әкімдігінің теңгеріміне өткен. Нысандарды күтіп-ұстауға кететін жыл сайынғы шығын 227 миллион теңгені құрайды.

«2019 жылға облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Зайсан ауданының Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сартерек, Жарсу, Бақасу және Саржыра сияқты 8 ауылына газ құбырларын жеткізу және ауыл ішіндегі үйлерге тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұл жобаның жалпы құны 86 млн. 600 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік сараптама жүргізу үшін қосымша 12 млн. 343 мың теңге бөлінді. Қазіргі уақытта ауылдарға құбырларды жеткізу жобаларының жобалық-сметалық құжаттамасының мемлекеттік сараптамасы толықтай алынып, Энергетика министрлігіне бюджеттік тапсырыс жолданған. Ал ауылдар ішінде газ тарту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары әлі әзірлену үстінде», - деп қосты лауазымды тұлға. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы