Биыл ШҚО-дағы білім мекемелеріне камералар толық орнатылады
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар – білім және денсаулық сақтау салаларын цифрландыру мықтап қолға алынды.
Атап айтсақ, өткен жылы облыстағы 665 орта мектеп кеңжолақты ғаламтормен толықтай қамтылып, бес жүзге тарта білім ордасына WI-FI желісі жеткізілген. Аудандық деңгейдегі медициналық мекемелер түгелдей дерлік ғаламтор желісіне қосылып, әр пациент дәрігер қабылдауына қашықтықтан жазылу мүмкіндігіне ие болды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдамдығы секундына 4 МБиттен кем емес кеңжолақты ғаламтормен өңіріміздегі 665 орта мектеп қамтылған. Сондай-ақ, WI-FI желісімен мектептердің 75%-ы, яғни 492 мектеп қамтамасыз етілген. Білім саласына электрондық журналдар және Е-күнделік жүйесі, цифрлық білім беру ресурстары сияқты цифрлық технологиялар енгізілді», - дейді ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.
Жауапты тұлғаның айтуынша, біліммен қатар денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмаған. Атап айтсақ, өткен жылы өңірдегі аудандық деңгейдегі медициналық мекемелер түгелдей дерлік ғаламтор желісіне қосылып, 100% компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. 1,4 млн пациентке электрондық медициналық карта жасалып, медициналық ақпараттық жүйемен 100% қамтылды.
«Дегенмен, аудандық деңгейден төмен 1128 медициналық мекеме компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етілсе де, олардың ғаламтор желісімен қамтылуы 35% ғана, сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйе тек 35%-ына ғана енгізілген», - деп қосты Марина Гагарина.
2019 жылы әлеуметтік маңызы бар қос салада ауқымды жұмыстар жүргізілетінін айтқан ол, биыл денсаулық саласында "Senymdy dariger" жобасының іске асырылатынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 378 ІТ-сынып ашылады. Барлық балабақша мен орта білім беретін мекемелерге бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ жүйесіне қосылмақ.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: шартты