Биыл ШҚО-да 24 мыңға жуық оқушы қорытынды аттестацияға қатысады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Биыл облыс бойынша 9 және 11 сыныпты тәмамдайтын түлектердің 23 723-і қорытынды аттестацияға қатысады. Қалған 600 бала денсаулық жағдайына байланысты емтихандардан босатылған. Бұл жөнінде облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанова хабарлады.

«Тоғызыншы сыныптар үшін қорытынды аттестация 26 мамыр – 6 маусым аралығында екі ауызша, екі жазбаша пәннен өткізіледі. Биыл 15 235 тоғызыншы сынып оқушысының 97,5 пайызы қорытынды аттестацияға қатысса, 375 оқушы емтихандардан босатылған. Қорытынды аттестацияға қатысатын оқушылардың 10,3 пайызы үздік куәлікке үміткер. Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң балалардың 4 225-і өңірдегі колледждерге түсуді мақсат тұтып отыр», - деді Айгүл Оралғазықызы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, олардың басым көпшілігі техникалық, педагогикалық және медициналық бағыттарды таңдап отыр. Десек те, тәжірибеде тоғызыншы сынып түлектерінің колледжге түсу көрсеткіші бұдан әлдеқайда жоғары. Атап айтсақ, олардың 41 пайызы колледждерді таңдайтын көрінеді.

«11 сыныптар үшін биылғы қорытынды аттестация 27 мамыр - 7 маусым аралығында жүргізілмек. Осы аралықта 8 488 оқушының 97,3 пайызы екі пәнді жазбаша, екі пәнді тестілеу түрінде, ал бір пәнді ауызша тапсырады. Түлектердің 7,8 пайызы немесе 669 оқушы «Алтын белгіге», ал 534-і үздік аттестатқа үміткерлер», - деп қосты Айгүл Байжанова.

Қоса кетсек, қазіргі уақытта 11 сынып түлектеріне арналған емтихан материалдары еліміздің Білім және ғылым министрлігінде әзірлену үстінде. 23 мамырға дейін олар облыстық басқармаға жеткізілсе, жергілікті жердегі құзырлы мекемелер емтихан материалдарының 25 мамырға дейін әр мектепке жеткізілуін қамтамасыз етпек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы