Биыл QR арқылы 1,5 млрд төлем жасалды

QR арқылы 1,5 млрд төлем жасалды. Бұл 2023 жылғымен салыстырғанда, 3,2 есе көп көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық банкің мәлімдеуінше,  осы жылдың алғашқы 6 айында интернет пен мобильді банкинг арқылы қазақстандықтар жасаған операциялардың үлесі қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы көлемі 90%-ға жетті.

Төлем карточкаларын пайдаланушы Қазақстан азаматтарының саны артып келеді. 2024 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан банктері шығарған төлем карточкаларымен 84,9 трлн теңгеге 6,1 млрд операция жүргізілді.

Аталған кезеңде қолма-қол ақшасыз жасалған операциялардың саны мен көлемі тиісінше 13,6%-ға және 16,0%-ға (жалпы көлемі 72,8 трлн теңге) өскені байқалады. Төлем карточкалары арқылы қолма-қол ақша беру операцияларының саны мен көлемі тиісінше 3,6%-ға және 12,8%-ға (жалпы көлемі 12,0 трлн теңге) өсті.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы сандағы үлесі – 98,0%, жалпы көлемдегі үлесі – 85,8%.

Қолма-қол ақшасыз операция жүргізуде интернет мен мобильді банкинг – ең көп сұранысқа ие тәсіл. Осы жылдың алғашқы 6 айында интернет пен мобильді банкинг арқылы қазақстандықтар жасаған операциялардың үлесі қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы көлемінде 90%-ға жетті. Бұл тәсілмен күн сайын 359,9 млрд теңгеден көп сомаға 26,3 млн-нан астам операция жүргізіледі.

QR-код арқылы төлем жасауға да сұраныс артып келеді. 2024 жылғы І жартыжылдықта 7,3 трлн теңгеге 1,5 млрд операция жүргізілді. Бұл 2023 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 3,2 есе көп.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметке ақы төлеуге арналған құрылғылар саны да артып келеді. 2024 жылғы І жартыжылдықта POS-терминалдардың 24,6%-ға өскені байқалады (жалпы саны – 1,16 млн бірлік).

2024 жылғы І жартыжылдықта төлем инфрақұрылымында кәсіпкерлер мен сауда орындарының саны, тиісінше, 20,5%-ға (жалпы саны 846,6 мың бірлік) және 26,1%-ға (жалпы саны 1,1 млн бірлік) ұлғайып, үздіксіз өсті.

Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, пайдаланылған төлем карточкаларының жалпы саны (2023 жылдың осы кезеңдегі көрсеткіштерімен салыстырғанда) 39,3 млн бірлікке дейін 8%-ға артқаны байқалады. 

2024 жылғы І жартыжылдықта қолданыстағы әрбір төлем карточкасымен орта есеппен 1,9 млн теңгеге 154 қолма-қол ақшасыз операция жүргізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық банк
Өзгелердің жаңалығы