19 Қараша 2026, 13:25 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалады – Президент

Мемлекет басшысы 2026 жылы Қозыбаев атындағы СҚУ-дың алғашқы түлектері Қазақстан және Америка университеттерінің қос дипломын алғанын атап өтті. 

«М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің серіктестігі аясында заманауи оқу-зертхана корпусы мен жатақхана бой көтерді. Биыл бірлескен оқу бағдарламасын аяқтаған алғашқы түлектер бірден Қазақстан және Америка университеттерінің дипломына ие болды. Сондай-ақ Қазақстанда Кардифф университетінің филиалы қызметін бастады. Бұл – британиялық жоғары оқу орнының алғашқы халықаралық кампусы. Бұдан бөлек, Ковентри университеті, Мәскеу инженерлік физика институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті сияқты оқу ордаларына арналған кампустар салынып, кеңейтіліп жатыр. Ірі қалаларымызда атом саласына, жасанды интеллект пен креативті индустрия бағыттарына келешек мамандар даярлау жолға қойылуда, - деді Президент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі сапалы білім басқа өңірлерге де қолжетімді болуы керек деп санайтынын айтты. 

Сондықтан шетелдік филиалдарды орналастыратын жерді таңдаған кезде облыстардың салалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігі ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда, құрметті қонақтар, әрине, сіздердің көмектеріңізбен халықаралық академиялық серіктестіктің мықты базасын құрдық. Ол үшін барша әріптестерімізге және достарымызға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.