Биыл Қостанай облысында қандай мектептер жабылатыны белгілі болды
Қостанай облысында 2025 жылы ауылдардағы үш бастауыш мектеп жабылады деп жоспарланып отыр. Оның басты себебі ретінде оқушылар санының қысқаруы мен мемлекеттік нормативтік желілерге сәйкессіздік аталды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігіне қарасты Білім басқармасы BAQ.KZ редакциясы жолдаған ресми сауалға жауап берді.
2025 жылғы деректерге сүйенсек, облыста 111 694 бала оқитын 436 мемлекеттік мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде, 107 мектеп – қазақ тілінде оқытса, 114 – аралас, ал қалғаны – орыс тілінде оқытатын білім ордалары.
Оның үстіне, 2024 жылы Қостанай облысында 13 ауыл мектебі – 11 бастауыш және 2 негізгі білім беретін мектеп жабылған. Олардың ішінде, 5 мектеп мемлекеттік (қазақ) тілінде оқытса, 1 мектеп – аралас, 7 – орыс тілінде білім берген.
Арқалық қаласындағы "Қызылжұлдыз" негізгі орта мектебі су тасқыны кезінде бүлінді және барлық отбасы қалалық мектептерге ауыстырылды. Меңдіқара ауданындағы негізгі мектеп ең алдымен бастауыш мектеп ретінде қайта құрылғанымен, кейіннен оқушы болмағандықтан жабылып қалды. Оның үстіне, Әулиекөл, Жангелді, Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Ұзынкөл және Федоров аудандарындағы бастауыш мектептер жабылды, - деп түсіндірді ведомстводан.
2025 жылы қандай мектептер жабылады?
2025 жылы үш бастауыш мектеп жабылады деп жоспарланып отыр. Олардың тізімінде: Амангелді ауданындағы Ағаштыкөл мектебі, Жангелді ауданындағы Тауыш мектебі мен Қарабалық ауданындағы Рыбкин мектебі.
Балалар санының аз болуы мен ауылдық жерден халықтың үдере көшуі себепті жыл сайын білім беру ұйымдарының кепілдендірілген мемлекеттік желі нормативіне сәйкеспеуі байқалады (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 6 мамырдағы №185 бұйрығына сәйкес, "Халықтың тығыздығына жңне елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы" бұйрығы – кіші мектеп жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда, кіші және орта мектеп жасындағы адамдардың саны 41 және одан көп болғанда, кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда), - деп жауап берді әкімдіктен.
Айта кететін жайт, мектептердің жабылуы – бұл демографиялық мәселе ғана емес, білім беру сапасына да қатысты. Билік балаларды барынша ірі және қамьтылған мектептерге ауыстыратынын алға тартты. Алайда көліктің қолжетімділігі мен оқушылардың жаңа ұжымға бейімделіп, сіңісіп кету проблемасы өзектілігін жоғалтпайды.
Еске салайық, бұған дейін ата-ана мен бала мектепке қалай дайындалу керектігі туралы жаздық.