Биыл Қазақстаннан 61 қытай шығарылды

Жыл басынан бері еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған 61 қытай елден шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.

Қытай тарапы егер қазір визасыз жұмыс істей бастаса, екі тараптан да азаматтар ағыны артатынын жақсы түсінеді. Бірінші кезекте заңсыз көші-қонды бақылау үшін олар ҚР мен ҚХР Үкіметтері арасындағы мемлекеттердің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімнің жұмыс істеуін белгіледі. Біз келісімді ратификациялаймыз және соған қарай әрекет ете бастаймыз. Осы Заңға қол қойылса, визасыз режим іске қосылады, - деп түсіндірді Ішкі істер ведомствосы басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол бұл заңға қол қойылғаннан кейін қытайлықтар Қазақстанда қанша уақыт бола алатынына тоқталды.

Келісімге қол қойылса, қытайлықтар елімізде 30 күнге дейін (визасыз – ред.) заңды түрде бола алады. Жарты жылда 90 күн бола алады. 30 күн өткен соң шекарадан кіріп-шығу арқылы жарты жылда 90 күнге дейін бола алады. Бізде заңды бұзғандар сотқа жолданады. Сот ол бойынша шешім қабылдаса, сол бойынша жұмыс істейміз. Биыл 61 қытай азаматы заң бұзғаны үшін елден шығарылған. Көп жағдайда олар көші-қон заңнамасын бұзған, транзит арқылы өткенде мерзімді сақтамаған және болуға рұқсат етілген мерзімнен асып кеткендер, - деді Игорь Лепеха.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы