Биыл Қазақстанға 16,1 мың адам қоныс аударды
Биыл елімізге 16,1 мың адам көшіп келді. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша елге келгендердің саны кеткендердің санынан басым болып отыр.
Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5,9 мың адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4% аз. Көші-қон сальдосы оң мәнде қалып отыр – 10,2 мың адам.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асырылады. Достастық елдерінен келгендердің үлесі 82,7%, ал осы елдерге кеткендердің үлесі – 73,2%. Басқа мемлекеттерден келгендердің ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым, – делінген статистика бюросы таратқан ақпаратта.
Қазақстанға қоныс аударғандардың көпшілігі мына өңірлерге тұрақтаған:
- Алматы облысы – 4,4 мың адам;
- Алматы қаласы – 2,6 мың адам;
- Маңғыстау облысы – 2,3 мың адам;
- Астана қаласы – 1 мың адам.
Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8% артты.
Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо 4 өңірде қалыптасты:
- Астана – 67,2 мың адам;
- Алматы – 27,8 мың адам;
- Шымкент – 13 мың адам;
- Алматы облысында – 8 мың адам.