Биыл Қазақстанда ЖОО-ға түсу үшін 93 мың грант бөлінеді
Биыл елімізде ЖОО-ға түсу үшін 93 мың мемлекеттік грант бөлінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, магистратура мен докторантураны қосқанда 93 мың білім беру гранттары бөлінеді. Сондай-ақ елде 24 жетекші шетелдік университеттің филиалдары ашылды. Жаңа жатақханалардың іске қосылуының нәтижесінде орын тапшылығы 72%-ға қысқарған. Студенттік стипендиялар мен колледждерді қаржыландыру екі есе өсті. Нәтижесінде қазіргі уақытта бұл мәселе шешіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғасын табады.
Мектептерді жаңарту
Сондай-ақ жыл басынан бері еліміз бойынша 13 мың орындық 172 балабақша ашылды. Соның нәтижесінде балабақшағы кезек азайып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Олардың ішінде әлеуметтік осал топтардан 99 мың бала бар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді.
Тамақтанудың жаңа стандарты енгізілгенін атап өткен жөн: көкөністер көп, қант аз, зиянды тағамдар алынып тасталды.
"Ұлттық қор – балаларға"
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша 6,8 млн балаға ақшалай қаражат аударылды. Олар оны болашақта білім мен тұрғын үйге пайдалана алады.
Мектептердің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Соңғы екі жылда 388 мың орындық 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында - 115 мектеп бар. Тағы 177 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Президенттің нұсқауына сәйкес 245 мектепті кешенді жаңарту жүргізілуде. Бұл жалпы білім беретін мектептердің стандарттарын жайлы мектептерге жақындатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 95 мыңнан астам оқушының оқу жағдайы жақсаруда, - деді Ермек Көшербаев.