Биыл Қазақстанда 9 энергоблок пен 55 қазандық жөнделеді
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауқымды жөндеу науқандары мен энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба іске асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған шаралар республика бойынша барлық өңірлерде жылу және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған. Министрліктің мәліметінше, жоспарланған жөндеу жұмыстары энергия нысандарының техникалық әлеуетін күшейтіп, тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылы елімізде 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жөндеуден өтеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Жөндеу шараларын жоспарлы және кешенді түрде жүргізу электр стансаларының сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, оларды жоғары қауіп аймағынан («қызыл аймақ») кезең-кезеңімен шығаруға жағдай жасайды.
Айта кету керек, энергетика саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама 5 жылға есептелген және инженерлік инфрақұрылымды кең ауқымда жаңартуды көздейді.
Жалпы, бес жыл ішінде елімізде 1,6 мың шақырым жылу желісі мен 78 мың шақырым электр желісі жаңғыртылады. Соның нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 52 пайыздан 42 пайызға, ал электр желілерінің ескіруін 74 пайыздан 45 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Жаңғырту жұмыстары экономиканың және халықтың өсіп келе жатқан қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ете алатын орнықты әрі тиімді отын-энергетика кешенін қалыптастыруға бағытталған.