Биыл Қазақстан гендерлік теңдік бойынша 65-орынға көтерілді – сенатор
Бұл туралы Сенат депутаты, төраға орынбасары Ләззат Сүлеймен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақсартты. Атап айтқанда, былтырғы 80-орыннан биыл 65-ші орынға дейін көтерілді. Елімізде жүргізіліп жатқан жаңа міндеттер мен реформаларды ескере отырып, республика аумағында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру. Мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарында әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін кезең-кезеңімен арттыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын бақылауды қамтамасыз ету, - деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар ол Біріккен Ұлттар ұйымы тарапынан қандай іс-шаралар болатынына тоқталды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жанжалдардың алдын алу мен реттеуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әйелдердің тең құқылы және жан-жақты қатысуы жөніндегі 1325 қарарының іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру жолға қойылған, - деді Ләззат Сүлеймен.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутат 2030 жылға қарай елдегі әйел басшылар саны 30 пайызға дейін өсетінін айтқан болатын.