Биыл қаңтар-сәуір аралығында 9 597 нысан пайдалануға берілді
2024 жылдың 4 айында орындалған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл былтырғы жылдың тиісті көрсеткішінен 12,2% артық.
Орындалған мердігерлік жұмыстардың ішінде құрылыс жұмыстарының жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес салмақ тұрғын емес ғимараттардың құрылысына тиесілі – 24,3%. Бұдан кейін тұрғын үйлердің құрылысы – 14,9%. Үштікке жолдар мен автомобиль жолдарының құрылысы да кіреді – бұл жұмыс түрлерінің үлес салмағы 10,9%.
Өңірлер бөлінісінде орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) ең көп көлемі Атырау облысына тиесілі – 268 млрд теңге, алайда бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,3% кем. Сондай-ақ орындалған жұмыстар көлемі бойынша Астана (127,4 млрд теңге) және Алматы (118,7 млрд теңге) қалалары көш бастап тұр.
2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында пайдалануға берілген нысандар саны 9 597 бірлікті құрады. Оның ішінде 92% – тұрғын үйлер, 2% – сауда объектілері, 1% – кеңселер, 4% - объектілердің басқа да түрлері.