Биыл Павлодар облысында шомылу маусымы кезінде 33 адам қаза болған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шомылу маусымында көз жұмғандардың ішіндегі 10-ы – бала. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асайынов қайғылы оқиғалардың көбі суға түсуге болмайтын орындарда шомылу және алкогольді ішімдіктерді пайдалану салдарынан туындағанын айтты.
«Балалардың суға кету оқиғалары ересектердің бақылауынсыз шомылуына байланысты. Өткен жылы 24 адам қаза болса, биыл 33 адам дүние салды. Бұл осы уақытқа дейінгі ең көп көрсеткіш болып отыр. Жүргізілген зерттеулер бойынша бұндай жағдай 10 жыл сайын қайталанып отырады. 2008 жылы 28 адам суда көз жұмған. Кейін көрсеткіш төмендеп, биыл қайта өсіп отыр», - деді Самат Асайынов.
Самат Асайыновтың айтуынша, қайғылы оқиғалардың көбі Павлодар қаласында тіркелген. Облыс орталығында 10 адам көз жұмған.
«Биыл өткен жылғыға қарағанда бұл бағытта 3 есе көп рейдтік шаралар атқарылды. Ескерту жасалған сайын рұқсат етілмеген орындарда шомылатын адамдар көбеюде. Сондай-ақ ересектердің бақылауынсыз жүретін балалар көп. Көз жұмған 10 баланың 7-і осындай жағдайда болған. Атқарылған шаралар барысында 7-13 жас аралығындағы ата-анасының қарауынсыз жүрген 111 бала анықталды. Олардың ата-аналары шақырылып, түсіндіру жұмысы жүргізілді», - деді ол.
Айта кетейік, облысымызда 33 жағажай бар. Оның 17-сі коммуналдық және 16-сы жеке меншік жағажай. Шомылу маусымының алдында олардың бәрі құтқару құралдары, ақпараттық тақталар, және қауіпсіздік белгілерінің болуы бойынша тексерістен өткен.