Биыл Павлодар облысында егіс алқабы 59 мың гектарға ұлғаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сонымен қатар суармалы жер көлемі 5 мың гектарға артпақ, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев мәлім етті.
2021 жылы жоспарланып отырған егіс алаңы 1 млн 490 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғыдан 59 мың гектарға артық. Өсімдік шаруашылығын қолдауға 3,5 млрд теңге субсидия бөлінді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Агро бизнес» және «Кең-дала» бағдарламалары бойынша 3,4 млрд теңгеге 100-ден астам жеңілдетілген несие беру көзделген. Бүгінде 94 өтініш берушіге 2,3 млрд теңге несие берілді, - деді Нұрболат Мақашев.

Биыл облыста дәнді дақылдар – 911 мың гектарға, майлы дақылдар – 189 мың гектарға, мал азығы – 361 мың гектарға, картоп – 19 мың гектарға, көкөніс – 7 мың гектарға, бақша дақылдары 3 мың гектарға егілмек.

Сондай-ақ биыл суармалы алқап көлемі 56 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғыдан 5 мың гектарға артық.

Осы алқаптарда әлеуметтік маңызы бар өнімдер картоп пен көкеніс, майлы дақылдарды және мал азығын отырғызу жоспарланып отыр, - деді Нұрболат Мақашев.

2021 жылдың өніміне шаруашылық субъектілерімен 145 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы дайындалды. Егістікке дайындалған тұқымның сапасын анықтау мақсатында облысымыздың шаруа қожалықтарымен 47 мың тонна тұқым сараптамаға өткізілді.

Басқарма басшысының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін техникалардың дайындығы – 94 пайыз. Биыл егіс алаңына жұмысқа 207 себуші техника, 5800 трактор және 10 мыңнан аса басқа да техникалар шығады. 2021 жылдың басынан бері 1,6 млрд теңге сомасына 133 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізушілерге 21 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінді. Бұл қажеттілікті толықтай қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге берілетін дизельдің бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Сонымен қатар, диқандар 11 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алды, - деді Нұрболат Мақашев.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аудан және қала басшыларына, ауыл шаруашылығы басқармасына жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды.

Жұмыстарды уақытылы жүргізіп, техникалар мен тұқымдарды толық дайныдау қажет. Диқандарға несие беруді жылдамдату керек. Шаруалар арзандатылған дизельмен уақытылы қамтамасыз етілсін. Әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, жем-шөп алқабын ұлғайтуға ұсыныстар енгізілсін, - деді облыс әкімі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы