Биыл Павлодар облысында 500-ге жуық саяжай учаскесі өртенген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылығы өрт қауіптілігі жоғары маусым басталғалы бері 28 өрт оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов мәлім етті.

Өрт қаупі басым кезең басталғаннан бері Павлодар облысының саяжай аумақтарында өрттің 8 фактісі және жанудың 20 жағдайы тіркелді. Оның көбі Павлодар қаласына тиесілі. Салдарынан 478 саяжай мен шаруашылық құрылыстары жойылды. Олардың 177-сі - жұмыс істеп тұрған учаскелер. Жалпы өрттің аумағы 180 гектарды құрады, - деді Қайрат Шаймарденов.

Спикердің айтуынша, саяжайлардағы өрттердің негізгі себебі – тұрғындардың отпен абайсыз қарым-қатынасы, құрғақ шөп пен жапырақтарды өртеуі немесе темекі тұқылдарын лақтыруы.

Саяжайлардағы өрттерді күрделі деп айтуға болады. Өйткені өрт қараусыз қалған саяжайларда қураған ағашпен тез таралады, үйлерде ағаш құрылымдар, түрлі жанғыш материалдар жанады, - деді Қайрат Шаймарденов.

Биыл саяжайлардағы өртке қатысты Павлодар мен Екібастұз қалаларында саяжайлар бірлестігінің төрағалары өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны, лауазымдық міндеттерін атқармағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Ереже бойынша саяжай аумағында, елді мекендерде қоқыс өртеуге, от жағуға тыйым салынған. Мұндай жағдайларда зардап шеккендер шағым түсірсе, шығын көп болса, қылмыстық жауапкершілікке дейін барады. Ережеде саяжайларда қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс. Аумақ таза блолуы, өрт сөндіру техникасының кері бұрылуына ыңғайлы жері болуы, әр үйдің жанында су толтырылған бөшке болуы керек. Саяжай бірлестігінің төрағасы әр үйдің дайындығы үшін ақы алады. Қауіпсіздік үшін олар жауап беруі тиіс, - деді Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Сергей Огай.

Саяжайларда қоқысты желсіз күні арнайы орынға апарып, бөшке ішінде өртеуі керек. Оның жанында су дайын тұруы қажет. Өртеуші адам бақылап тұрып, жанып болған соң сөндіріп кетуі тиіс.

Айта кетейік, Павлодар облысының аумағында 29 саяжай бар. Павлодар қаласында 19 саяжай, Екібастұз қаласында 7 саяжай, Ақсу қаласында 4 саяжай тіркелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы