Биыл өткен жылмен салыстарғанда күрделі болуы мүмкін – Скляр
Отын-энергетика кешені еліміздің экономикасында үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 22 пайыз. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Бюджет кірісінің 40 пайыздан және инвестицияның 30 пайызынан астамын осы отын-энергетика саласы қамтамасыз етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша саланың негізгі көрсеткіштері жаман емес. Мұнай және газ, сондай-ақ мұнай өнімдері мен электр энергиясы өндірісінде нақты өсім қамтамасыз етілді, - деді Премьердің бірінші орынбасары.
Склярдың сөзінше, өткен жыл көп уақыттан бері жиналып қалған біраз мәселенің бетін ашты.
Дизель отынының тапшылығы газбен қамтамасыз етудегі қиыншылықтар маусым кезінде электр қуатының жетпей қалуы жылу беру объектілеріндегі апаттар – осының бәрі бұл салада өте ауқымды проблемалардың барын көрсетті. Олардың барлығын жедел шешу қажет, - деді ол Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр.
Бірінші кезекте әлемдік нарық конъюктурасында белгісіздік пен тұрақсыздық белең алуда. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2023 жыл өткен жылмен салыстарғанда күрделі болуы мүмкін. Сондықтан ішкі нарықты қажетті шикізат қорымен және энергоресурстармен үзбей толықтырып энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Жалпы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Сайлауалды бағдарламасында Сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бар күш-жігерді жұмылдыру қажет, - деді Роман Скляр.