Биыл Өскеменде 20-дан астам әлеуметтік нысан салынады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында Өскеменде 20-дан астам әлеуметтік нысан, аула мен аллеялар, саябақтар және скверлер пайдалануға беріліп, қала тұрғындарына баспана табыстау жоспарланып отыр.
Бұл туралы онлайн форматта тұрғындар алдында есеп берген шаһар басшысы Жақсылық Омар айтты. Өткен жылғы жетістіктерді қорытындылап, жаңа жылдың жоспарларымен бөліскен қала әкімі үстіміздегі жылдың басты мақсаты – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жақсы деңгейде атап өту екендігін хабарлады.
Биылғы жылды қаламызда жаңадан әлеуметтік нысандарды салумен, өндірістерді ашумен, жаңадан тұрғын аудандар, тұрғын үйлер салумен ерекшелуіміз тиіс. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлатудың іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзден астам түрлі шара өткізілетіні белгілі болды, - деді Жақсылық Омар.Кездесу барысында тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берген қала әкімі, облыс орталығының №23-ші тұрғын ауданындағы тұрғын үйлерді сапалы электр энергиясымен қамту жоспарының назардан тыс қалмағанын атап өтті. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасының әзірленіп жатқанын алға тартқан ол, биыл қаражат бөлінсе, істің оңды шешілетінін айтты. Жобаға сәйкес, 1200-ден астам тұрғын жарықпен қамтамасыз етілетін көрінеді.
Қоса кетсек, былтыр қала бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы сомасы 31 млрд теңгеден асып жығылатын 114 жоба жүзеге асырылған.
Сонымен қатар 300-ден астам көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан азқамтылған санаттағы азаматтар тұрғын үйлермен қамтылған. Жетімдер де назардан тыс қалмай, өткен жылы осы санаттағы 317 адам баспаналы болды. Бұдан бөлек, 63 білім ордасының ғимараттары жөндеуден өткізіліп, орта білім беретін 7 мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделді.