Биыл мыңнан астам директор ротацияланады – Аймағамбетов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты.
Биыл директорлардың ротациясы басталады. Алдыңғы жылды заңнаманы қабылдап, бекіттік. Енді биыл нақты мыңнан астам директор ротацияға ілінеді, - деді министр.
Бұған дейін директорлар ротациясына қатысты мектеп басшыларының пікірін білген болатынбіз.
Ротацияның негізгі ережелері:
Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.
Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.
Алайда, егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.
Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:
– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;
– ротация бір елді-мекен аумағында жүргізіледі;
– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;
– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.