Биыл мұз астына түсіп кету оқиғасы тіркелген жоқ - құтқарушылар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазан-қараша айларында елордалық тұрғындар арасында мұз ойылып, суға түсіп кету фактілері орын алған жоқ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Азаматтық қорғау басқарма бастығы Ратбек Демеуберген брифингте мәлімдеді.
Жыл сайын жұқа мұздың ойылып кету оқиғалары туындауына әкеп соқтырады. Зардап шегушілер қатарында су қоймаларының жанында ата-аналарының қарауынсыз жүрген балалар және әлсіз мұзда өз басын қауіпке тіккен балықшылар жиі кездеседі.
Маманның айтуынша, биыл мұндай фактілер орын алған жоқ.
Қазан-қараша айында мұз ойылып, өзенге түсіп кету фактілері орын алған жоқ. Дегенмен департамент үгіт-насихат жұмыстарын күшейтті. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр, - деді ол.
Басқарма басшысының мәліметінше, адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ТЖ департаменті профилактикалық және практикалық іс-шаралар кешенін тұрақты жүзеге асырып отырады.
Күзгі-қысқы мұз қатудың дайындық кезеңінде Департамент «2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде қаланың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекіткен.
Мұз қату кезеңінде азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Департамент қызметкерлері күн сайын аса қауіпті учаскелерде 109 рейд жүргізді. Сонымен қатар, халыққа мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша 2780 дана ақпараттық кітапшалар таратылды. Әкімдікпен бірлесіп 111 тыйым салу белгісі орнатылды. Білім беру объектілерінде, мектеп оқушыларына дәріс оқылып, интерактивті сабақтар, сондай-ақ «мұздағы қауіпсіздік» бойынша түрлі акциялар өткізіледі, - деді Ратбек Демеуберген.