Биыл ұмра қажылық жасауға рұқсат жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауд Арабиясының баспасөз агенттігі (SPA) хабарлағандай, САК билігі өз азаматтарына корольдіктен шығуға және қайта кіруге 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап рұқсат береді, деп жазды muftyat.kz.
2021 жылдың 1 қаңтарынан кейін құрлық, теңіз және әуе порттары арқылы кез-келген көлікпен шығу және оралу үшін барлық шектеулер коронавирусқа қатысты сақтық шараларын сақтай отырып алынып тасталады.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясының билігі ұмраны біртіндеп жалғастыру жоспарының жасалып жатқандығын да хабарлады.
Сауд Арабия үкіметі карантинге байланысты шектеулерді алып тастаудың нақты уақытын белгілеп, ұмраны жалғастыруға шешім қабылдаған жағдайда алдын ала 30 күн бұрын жалпыға жарияланатындығын жеткізді.
Ал, 15 қыркүйектен бастап Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің (GCC) барлық төлқұжат иелері мен жарамды виза иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, корольдіктен емін-еркін кетіп, жұмысқа тұруына немесе қайта оралуына рұқсат берілген болатын. Сауд Арабиясына кірудің негізгі талабы – сертификатталған зертханаларда 48 сағат бұрын тапсырылған сынама қорытындысы.
Бұдан алдын хабарлағандай, Сауд Арабия билігі осы жылдың наурыз айының басынан бастап барлық халықаралық сапарларға тыйым салған еді. Мамыр айының соңында ел үкіметі шектеулерді біртіндеп жеңілдете бастады, бірақ, барлық халықаралық рейстерге салынған тыйымдар әлі де өз күшінде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Сауд Арабиясында коронавирус індетін жұқтырғандар саны 325 мыңнан асып, 4268 адам қайтыс болды.