Биыл Мәжіліс қандай заңдарды қабылдады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палата қабылдаған заңдар жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін де нәтижелі болды. Жыл басынан бері біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдадық, - деді ол.

Қошанов атағандай, әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады.

Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы мен қолды болған капиталды қайтару туралы заң – осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады. Сонымен қатар, Президенттің "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы бастамасы да – азаматтарымыз үшін үлкен көмек, - деп түсіндірді Мәжіліс спикері жалпы отырыста.

Сонымен бірге Мәжіліс қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар заң қабылдады.

Бүгінгі таңда ойын бизнесі туралы заңның, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы норма іске асырылып жатыр.

Біз есірткіге қатысты қылмыстар үшін жазалаудың сараланған тәсілі жөніндегі Президенттің тікелей тапсырмасын заңнамалық деңгейде орындадық. Заң арқылы біз есірткі өндіру мен тарату арасындағы жауапкершіліктің ара-жігін ажыраттық. Сонымен қатар, есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мейлінше күшейттік.

Осылайша, есірткі тұтыну сияқты белең алған дертке депутаттар тарапынан тағы бір тосқауыл қойылды. Халықаралық қоғамдастық отбасындағы және тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заңға жоғары баға берді. Бұл заңды Біріккен Ұлттар Ұйымы "гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолында жасалған қадам" деп атап, Астанаға алғысын білдірді, - деп айтты Қошанов.

Ол атағандай, биыл кредит берудегі қауіп-қатерді барынша азайту туралы заң да қабылданды.

Ол қоғамда белең алған шамадан тыс несие алуды азайтуға зор септігін тигізбек. Қазірдің өзінде сарапшылар Қазақстанда проблемалық кредиттер біршама азайғанын айтуда. Бұл – Мәжілістегі барлық фракция мен бір мандатты округтен сайланған депутаттардың ортақ еңбегінің арқасы, - деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ Мәжіліс жаңа Бюджет кодексін қабылдады.

Сол арқылы бюджет қаражатына деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатырмыз.

Бюджет заңнамасының негізгі қағидаты – қаражатты ұтымды, үнемді игеру және нақты қажеттілікке бағыттау.

Сондай-ақ, аудан әкімдерінің өкілеттігін кеңейту үшін шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы облыстық деңгейден аудандық деңгейге беріледі.

Бүгін Мәжіліс Түркістанның ерекше мәртебесін бекітуге арналған тағы бір маңызды заң қабылдадық.

Мемлекет басшысы қалаға заң жүзінде ерекше мәртебе беру туралы тапсырма бергенін білесіздер. Түркістанның ел тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі орны айрықша. Осы Заңды қабылдау арқылы өңірдің өзін-өзі басқарудағы дербестігін арттырамыз. Мұндай мәртебе жергілікті проблемаларды анағұрлым тиімді шешуге, инвестиция тартуға мүмкіндік береді және өңір экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізеді, - дейді Ерлан Қошанов.

Осы сессия басталғалы Палатаның қарауында 106 заң жобасы болды.

Оның ішінде, 37 заңды қабылдады. 19-ына Президент қол қойды.

Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аңшылық пен жануарларға қатысты жаңа заң жобасын жұмысқа қалбылдағанын, сондай-ақ халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстен шамадан тыс реттеу алынып тасталатынын хабарлаған болатынбыз.

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов жылды қорытындылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы